Ертіс өңірінде ең ірі провизорлық госпиталь жабылды

28 Шілде 2020, 18:48
1553
Бөлісу:
Ертіс өңірінде ең ірі провизорлық госпиталь жабылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жанынан ашылған ең ірі провизорлық госпиталь жабылды.

500 орындық емдеу мекемесі "Мойылды" шипажайының ғимаратында ашылды. 25 күн бойы жұмыс істеген госпитальге 24 дәрігер мен 50-ге жуық медбике тартылды. 60-тан астам кіші медициналық ұжым жиналды.

Провизорлық орталықтың меңгерушісі Әмірхан Тұргелдиновтың хабарлауынша, үшінші шілдеден бері 500-ден астам науқас емделіп шықты. Бүгін соңғы 24 пациент үйлеріне оралды. Олардың барлығына амбулаториялық ем тағайындалды.

Алғашқы күні бірден 15 науқасты қабылдадық. Шыны керек, пневмонияға шалдыққан пациенттеріміздің бойында қорқыныш болды. Өзіміз де, біраз алаңдап қалдық. Кейінгі күндері 50 адамнан түсе бастады. Бастапқыда қиындықтар болды. Мамандар тапшылығына тап болдық. Оны да өткердік. Пациенттердің көбі 35 жастан асқан адамдар болды. Орташа есеппен 10 күнге дейін емделді. Бүгін соңғыларын шығарып салдық, - дейді провизорлық госпитальдің меңгерушісі Әмірхан Тұргелдинов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өңірде коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 2937 дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта инфекциялық бөлімшелерде 123 адам емделіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін аурудан 23 өлім тіркелді.

Соңғы күндері аурудың өсімі орташа есеппен 2,8%-ды құрайды. Ал маусым айында 9%-дық көрсеткішті құраған. Осылайша, өсім төмендеп жатыр. Жедел-жәрдем қызметіне түскен шақыртулар саны да азайды. Егер маусым айының басында тәулігіне 1120 шақырту түссе, кешегі күні 582 хабарландыру түсті. Ал провизорлық стационарларға жатқызылатын адамдар саны 373-тен 150 адамға түсті, - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы