Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде сәбилерді балабақшаға электронды форматта тіркеудің «Indigo - электронды балабақша» бағдарламасы енгізілді.
Павлодар облысы білім беру үрдісіне жаңашыл цифрлық технологияларды енгізудің пилоттық алаңына айналды. Мәселен, «Электронды балабақша» бағдарламасы сәбилерді мектепке дейінгі білім беру мекемесіне ғаламтордың көмегімен қабылдауға арналған. Былтырғы жылы бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеген. Соың өзінде 16 мыңнан астам тәрбиеленуші бағдарламаның игілігін көрді.
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Жиеналиннің айтуынша, балабақша қабылдаудың автоматтандырылған сервисі ата-аналарға уақыт үнемдеуге сеп болады. Сонымен қатар, ашықтықты қамтамасыз етеді.
«Ата-аналар балабақшалардағы бос орындар туралы ақпарат ала алады. Бұл жүйе, сонымен қатар, қызмет көрсетуші және қызмет алушы тарап арасындағы тікелей байланысты болдырмайды. Яғни, ашықтық пайда болады. Сәйкесінше, жемқорлыққа жол берілмейді. Бүгінде осы жүйеге облыс орталығындағы барлық 100 балабақша қосылған», - дейді Қуаныш Қыдыралин.
«Indigo - электронды балабақша» бағдарламасын енгізумен «Ханали 2013» ЖШС-нің мамандар тобы айналысқан.
«Бағдарламаның концепциясы ағылшын мамандарына тиесілі. Бағдарламаны жазуға үш айдай уақыт кетсе, енгізуге бір жарым жылымызды жұмсадық. Осы уақыт аралығында мемлекеттік мәліметтер базасын бір арнаға тоғыстырдық. Мақсатымыз - жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасында адал бәсекелестікті қамтамасыз ету. Себебі, қызмет алушылар, яғни ата-аналар балабақшаларды рейтинг бойынша таңдайды», - дейді бағдарламаны әзірлеуші Руслан Көпжасаров.
Ертіс өңірінде «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында білім беру үрдістерін автоматтандырудың 10-ға жуық жобасы пилоттық режимде іске қосылған. Алдағы уақытта балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға мүмкіндік беретін «Сакура - электронды мектеп» бағдарламасы іске қосылады.