Ертіс өңірінде әскери техниканың дайындығы тексерілді

4 Маусым 2024, 13:31
465
Бөлісу:
Ертіс өңірінде әскери техниканың дайындығы тексерілді
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен

Ертіс өңіріндегі әскери бөлімдердің әскери техниканың жауынгерлік әзірлігі мен ұрысқа жарамдылығы, сонымен қатар, күту жағдайы арнайы тексерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5512 әскери бөлімінің техника, қару-жарақ, байланыс құралдары, химиялық-биологиялық қорғаныс мүліктерінің сапасына да баға берілді.

Техника құралдары мен олардың дайындығы жыл сайын тексеріледі. Осы жолы үш күндік тексеру жүргізілді. Мақсатымыз – қажетті техниканың күтімі мен жауынгерлік дайындығын тексеру. Мәселелер туындаса, дереу шешу. Сонымен қатар, автополитуралық техниканың құрамы және қару-жарақтар мен оқ-дәрілер тексерілді. Бірінші кезекте көлік құралдары мен жеке құрамның қажетті орынға дер кезінде жетуіне баға бердік. Ұрыс кезінде бұл аса маңызды. Сондықтан, әскери көлік жүргізушілерінің кәсіби біліктілігі де пысықталды, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Азамат Ғабдуллин.

Тексеріс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері павлодарлық әскерилер кез келген тапсырманы орындауға дайын екеніне көз жеткізді. Отан қорғау ісіндегі әскери техника да дайын екені белгілі болды.

Айта кетейік, осы тектес тексеріс Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы барлық әскери бөлімдерде өтеді.

Өзгелердің жаңалығы