Ертіс өңірінде 150 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

17 Наурыз 2021, 11:15
1823
Бөлісу:
Ертіс өңірінде 150 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде аймақтың экономикасын қолдау мақсатында инвестициялық жобалардың пулы құрылды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері аймаққа 23,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы жылғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 7,5%-ға аз.

Мамандардың айтуынша, көрсеткіштердің төмендеуіне карантиндік шектеу шаралары мен пандемия себеп. Ал жоспар бойынша үстіміздегі жылы өңір экономикасына 616 млрд теңге құйылуы керек.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, аймақта алғаш рет инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылды. 

«Бизнес Ертіс» бағдарламасы шеңберінде пул жасақталды. Осы жылы шамамен 150 жоба бар. Олардың жалпы құны - 137 млрд теңге. Мақсаты индикаторларға қол жеткізу үшін нақты жоспар құрылды, - дейді Айбек Тұрсынғалиев. 

Айта кетейік, «Бизнес Ертіс» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдау және бизнес-климатты жақсарту мақсатында әзірленді. 

Бағдарлама бойынша бизнес қауымдастыққа экологиялық шараларды жүзеге асыруға, әлеуметтік бастамаларды іске қосуға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар сапалы инновациялық идеялар үшін 10 млн теңгеге дейінгі сомада гранттар қарастырылған.



Өзгелердің жаңалығы