Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде мыңнан астам мұғалім COVID-19 инфекциясына қарсы екпе алады. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдағандардың қатарында облыстық білім беру басқармасының басшылығы болды.
Бүгін аймаққа вакцинаның екі компоненті келді. Екіншісі 21 күннен кейін салынады. Білім беру саласының мамандары екпені бекітілген кесте бойынша бір ай ішінде алмақ.
Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, өңірдегі 10 мың мұғалімнің 1141-ы өз еріктерімен екпе алуға келісім берген. Олардың 100-ден астамы бұл процедурадан бірінші наурызда өтті.
Екпе салу стандарт бойынша өтті деп ойлаймын. Ең алдымен менің жеке жағдайым, денсаулығым тексерілді. Өзімді әлсіз сезіну сияқты белгілер байқалмады. Вакциина салдырту - қалауым. Ерікті түрде келдім. Білім беру жүйесіндегі мамандар екпе алуға өз еріктерімен жазылып жатыр. Бүгінгі күні екі мыңнан астам мұғалім өтініш білдіріп үлгерді. Оларға жасаған қадамдары үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені бұл жеке бастың денсаулығы емес, жалпы қоғамдық денсаулыққа қосқан үлесі. Вакциналау бойынша педагогтерді мәжбүрлеу болмайды. Біз ұстаздардың жеке шешімін бағалаймыз, - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Айта кетейік, өңірде бұған дейін вакциналаудың алғашқы кезеңіне 1200 медицина маманы қатысты.