Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің Екібастұз қалалық емханасында сақтық шаралары күшейтілген. Коронавирустық инфекцияны алдын алу мақсатында пациенттер, медициналық ұжым мен ауру белгілері бар азаматтар үшін бөлек кіреберістер жасақталды.
Екібастұз қалалық №1 емханада 300-ге жуық маман еңбек етеді. Карантин режимі кезінде олардың 30%-і мәжбүрлі демалысқа шыққан.
Емхананың бас дәрігері Ғалымжан Әміркеновтің хабарлауынша, төтенше жағдай кезінде мекеме жанынан жедел штаб ашылған. Шұғыл мәліметтер осы жерде жиналып, кейін өңделеді. Коронавирустық инфекция анықталса, ақпараттар инфекционист-мамандарға жолданады. Мамандар қауымы тұрғындардың қоңырауларына жауап беріп, кеңес берумен де айналысады.
Қазіргі уақытта емханаға кірудің үш жолы бар. Бірі дәрігерлерге арналған. Екіншісі тұмау белгілері, яғни, дене температурасы көтерілген, құрғақ жөтелі мен тұмауы бар азаматтарды кіргізуге лайықталған. Ал үшінші кіреберіс жағдайы қалыпты науқастарымызға арналған. Емдеу мекемесіне келген кез келген адамның температурасы тексеріледі. Әр кіреберісте мамандар кезекшілік атқарады. Бүгінді жұмысымыз штатты режимде жүргізілуде. Мамандарымыздың барлығы обаға қарсы киім-кешек, дезинфекциялық құралдармен толық қамтылған, - дейді Ғалымжан Әміркенов.
Емханада «сүзгі» деген арнайы кіреберіс бар. Бұл жерге дене қызуы көтерілген пациенттер кіргізіліп, тексеріледі. Осы күнге дейін "сүзгі" арқылы 300-ден астам адам өткен.
Емханаға 48 мыңнан астам екібастұздық тіркелген.
Сала мамандарының мәліметінше, қазіргі уақытта ем қабылдауға келетіндердің саны 10 есеге азайған.
Бұған қарамастан, науқастар онлайн-режимде кеңес алу мүмкіндігіне ие. Осы уақытқа дейін үй карантинінде болған 450 пациент тексерілді. Қазіргі уақытта олардың саны 80-ге азайды, - дейді бас дәрігер.
Айта кетейік, Екібастұз өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай күрделі. Бұған дейін отын-энергетика кешендерінің бірнеше жұмысшысы ауруға шалдыққан. Олармен байланыста болған азаматтар тұратын көпқабатты үйдің 8 кіреберісі карантинге жабылды. Облыс бойынша 1928 адам мамандардың бақылауына алынса, 333 азамат стационарлардағы бақылауда. Үй карантитінде - 1595 адам. Еске сала кетсек, өңірде KOVID-19 инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі осы жылдың 27 наурызында тіркелді.