Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде халықты емханаларға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айға созылған кампания қараша айында аяқталуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, бастапқы медициналық қызмет көрсету мекемелеріне тіркелген халық жаңа емханаларға келер жылдың басынан бастап ресми түрде тіркеледі. Жаңа жылдан бастап тиісті медициналық қызметтер қолжетімді болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша, өңірде медициналық қызмет көрсететін 27 емхана бар. Олардың 11-і - жекеменшік. Мемлекеттік емес мекемелердің қатарындағы тағы екі қызмет көрсетуші де аталған науқанға қатыспақ.
Осы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Павлодар облысында екі мыңнан астам азамат медициналық мекемелерге тіркелмеген. Олар медициналық қызметтен қағылмауы тиіс. Сондықтан емханаларға тіркелулері шарт, - дейді Нұрлан Қасымов.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақ тұрғындары медициналық сақтандыру қорына 18,1 млрд теңге аударған. Қорда барлығы 400 млрд теңгеден астам қаржы жинақталған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын бірыңғай жиынтық көлемі қала тұрғындары үшін 1 АЕК, ал ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК көлемінде бекітілген.