Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Айта кетерлігі, бас санитар дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №2 қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Ресми құжаттың өзгертілген нұсқасына сәйкес коронавирус індеті таралуының алдын алуға қатысты іс-шаралар қатары толықтырылған.
Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетел азаматтарын қоса алғанда, барлық адамдар КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жатады. КВИ-ге қарсы ревакцинация КВИ-ге қарсы алдыңғы профилактикалық екпеден кейін 6 ай аралықпен КВИ-ге қарсы вакцинацияның толық курсын және бұрын бірінші ревакцинацияны алған адамдарға жүргізіледі, - делінген ертеңнен бастап күшіне енетін бас санитарлық дәрігер қол қойған құжатта.
Сонымен қатар індетке қарсы екпенің үшінші дозасын алуы тиіс санаттар тізімі қарастырылыпты. Оған сәйкес КВИ-ді жұқтыру қаупі жоғары (басымдылығы бойынша) мына адамдар:
1) медицина қызметкерлері;
2) медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы;
3) күш құрылымдарының қызметкерлері;
4) педагогтар;
5) пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйе мекемелерінің контингенті;
6) 50 жастан асқан адамдар КВИ-ге қарсы қайта ревакцинациялануы тиіс.