Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал ететін, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде. Мұндай пікірді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.
Ол Президенттің Мәжіліс отырысында атап өткен сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету сөзсіз басымдық болып табылатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде еліміздің қазіргі жағдайына, жаңа кезеңнің даму бағыттарына тоқталып, Үкімет жаңа құрамына бірқатар тапсырма жүктеді. Оның ішінде білім беруді дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл - еліміздің алдағы ұзақ мерзімді дамуындағы басым бағыттардың бірі. Президентіміз айтқан сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету сөзсіз басымдық болып табылады. Бұл - бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Мектептер қанша қаржымен қамтамасыз етілсе де, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны – мұғалім» деген сөзін мысалға ала отырып, мұғалім тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралар кешенімен үздік педагогтарды тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді және елдің халық тығыз орналасқан өңірлерінен келген жас мамандар үшін атаулы гранттар бөлуге ерекше басымдық беруді тапсырды, - дейді білім басқармасының басшысы.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының білім сапасын арттыруға қатысты айтқан ойымен келісетінін жеткізді.
Сондай-ақ жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды екенін атап өтіп, 2025 жылға қарай Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашуды ұсынды. «Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет», - деді. Ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал ететін, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде. Әрдайым алдымызда тұратын міндет – білім сапасын арттыру. Президенттің ұсынысын қолдаймыз! Жаңа реформа еліміздің дамуына оң ықпал етеді деген үміттенеміз! Еліміз тыныш болып, бірлігіміз арта берсін, - дейді ол.