Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Ертеңді жоспарлай алмайтын күндер болды": Бибігүл Жүкенованың өмірін донорлық ота қалай өзгертті

8 Қазан 2025, 19:32
675
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Трансплантологияның адам өміріндегі маңызын айқын көрсеткен мысалдың бірі – қазақстандық Бибігүл Жүкенованың оқиғасы. Ол 7 жыл бұрын елордада өзіне өкпе ауыстыру отасын жасатқан. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Күйім тым нашарлап, соңғы қысым деп ойлаған кезімде донор табылды. Содан бері жеті жыл өтті. Мен қазір донорлық ағзамен өмір сүріп келемін. Ота Астанада, біздің дәрігерлердің қатысуымен Жүрек орталығында жасалды, - деді Жүкенова.

Оның айтуынша, трансплантацияны күтудегі өмір – тек физикалық ауыртпалық емес, сонымен қатар үлкен моральдық сынақ.

Қазір трансплантация кезегінде тұрған 4 300 адамның әрқайсысының қандай сезімде екенін жақсы түсінемін. Мен де солардың орнында болдым. Ертеңді жоспарлай алмаудың не екенін білемін. Сен тек бүгінмен өмір сүресің – таңертең және кешке Аллаға шүкір айтасың, ал ертең оянасың ба, жоқ па – білмейсің, - дейді ол.

Жүкенованың сөзінше, Қазақстанда трансплантация жасауға қажетті мамандар да, құрал-жабдықтар да бар, бірақ басты мәселе – қоғамның донорлыққа деген көзқарасында.

Көп адамды аман алып қалуға болар еді, егер донорлық мәселесіне адамдар дұрыс қарай білсе. Қорқыныш, әсіресе діни тұрғыдағы күмән жиі кедергі келтіреді. Алайда көптеген мұсылман елдерінде донорлыққа мемлекет деңгейінде рұқсат етілген. Егер бұл туралы дұрыс түсіндіру жұмысы жүргізілсе, құтқарылған өмірлер саны әлдеқайда көп болар еді, - дейді ол.

Бибігүл Жүкенованың оқиғасы тағы бір рет дәлелдеп отыр: әр трансплантацияның артында біреудің өмірі мен өз донорын күтіп отырған мыңдаған адамның үміті жатыр.

Өзгелердің жаңалығы