2024 жылғы 31 мамырда сағат 10:00-де электрондық аукциондар операторының e-qazyna.kz сайтында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге электрондық аукцион өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, 2024 жылғы 6 наурызда электрондық аукционға шығарылған 24 учаскенің 9 учаскесі бойынша аукцион 31 мамырда өткізіледі.
Ал қалған 15 учаске бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің нормаларына сәйкес қатысушылардың ең аз санының болмауына байланысты жер қойнауын пайдалану құқығын беру аукционы өткізілмейді.
Анықтама ретінде: 15 жер қойнауы учаскесінің ішіндегі Равнинное учаскесі бойынша Кодекстің 99-бабының 1-тармағына сәйкес, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалады,ондағы қол қою бонусының мөлшері – 84,7 млн. теңгені және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптардың бағалау құны – 2,5 млн АҚШ долларын құрайды.
Аукционға шығарылатын 9 жер қойнауы учаскесі бойынша қол қою бонусының жалпы бастапқы мөлшері шамамен – 227,9 млн. теңгені құрайды. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін 7 жер қойнауы учаскесі бойынша - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптардың бағалану құны 45 млн АҚШ долларын құрайды.
Аукционның барысын кез-келген адам бақылай алады. Бұл үшін Оператор, яғни «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ, жеке ашық аукцион залын құрды: https://e-auction.gosreestr.kz/p/ru/TrackerAuctionsInOneRoom.