Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы әскери бөлімшеде радиоактивті заттар сақталмағанын айтты.
«Арсеналдың өзі әскери қызметшілердің күзетінде. Олардың бір бөлігі қорғалған бункерде, бір бөлігі қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Сол себепті олардың қауіпсіздіктері кепілдендірілген. Саперлар тобы жұмысқа кірісті. Жылытуды ұйымдастыру үшін қосымша арнайы жеке құрам жасақталатын болады. Медициналық көмекті қажет ететіндерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Ермекбаев брифинг барысында.
Қорғаныс министрі бұл арсенал күзеттің барлық техникалық құрал-жабдықтарымен, күзет дабылдамасымен жеткілікті жарақтандырылғанын айтты.
«Аталған оқиғаның себебін анықтау мақсатында жеке арнайы құрылған тергеу тобы тергеу жүргізеді. Ешқандай радиоактивті қару жоқ, ешқандай радиоактивті снаряд жоқ. Мұндай заттар ол жерде сақталмаған», - деп мәлімдеді министр.
Ол жарылыс бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін ескертті. Ал Бөген су қоймасының суы жіберіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын, бөгет бойынша еш қауіп жоқ екенін атап өтті.