"Қазақмыс" корпорациясы өткен жылы қарағандылық өндірушілерілерден 14 млрд теңгеге тауар сатып алды. 21 жергілікті компаниямен келісімшарттар жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды кәсіпкерлері "Қазақмыс" басшылығымен ашық қарым-қатынас орнатуы үшін Қарағанды облысының әкімдігі онлайн-кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында кез келген өндіруші қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға сала алды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі тарапты да тыңдады.
2022 жылы облыс әкімдігі мен "Қазақмыс" корпорациясы арасында жасалған меморандумның нәтижелері туралы Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Әскербек Халтонов хабарлады.
Қарағанды облысының өндірушілерін қолдау және жергілікті қамтуды дамыту мақсатында 2022 жылы әкімдік пен "Қазақмыс" корпорациясы арасында жергілікті қамтуды дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өткен жылдың 9 айында өңірдің тауар өндірушілері шикізаттық емес тауарлар бойынша жалпы сомасы шамамен 14 млрд теңгеге келісімшарттар жасасты, – деп баяндады Әскербек Халтонов.
Сонымен қатар, өнеркәсіптік алпауыттың сатып алуында негізгі үлесі импорттан құралуы жалғасуда.
Бұл ретте импортталатын тауарлардың кейбір баламаларын Қарағанды өндірушілері – болат арқандар, цемент, металл прокат, жарықдиодты шамдар, автобустар және автомобиль шиналары шығарады.
Сатып алудағы жергілікті қамту үлесі туралы "Қазақмыс" сауда үйінің директоры Марина Красюк айтып берді. Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алу өсімі байқалады. Шарттар саны мен жеткізілім сомасы өскен.
Өз кезегінде Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылық кәсіпкерлерден тауар сатып алудың жеткіліксіздігін атап өтті. Ол "Қазақмыс" корпорациясын жыл сайын сатып алудағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға және жеткізушілер тізімін үнемі кеңейтуге шақырды. Жай ғана сөзбен емес, нақты келісімшарттар жасауды қолда алу қажет, - деп атап өтті ол.
Жақын арада "Қазақмыс" корпорациясымен 2023 жылға арналған меморандумға қол қою жоспарлануда.