Ерлан Қарин сайлаудың негізгі ерекшелігін атады

19 Наурыз 2023, 07:49
644
Бөлісу:
Ерлан Қарин сайлаудың негізгі ерекшелігін атады
Фото: Арман Мухатов

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін өтіп жатқан сайлауда өз таңдауын жасап, сайлау науқаны жайлы ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі сайлау соңғы жылда жүзеге асырылып жатқан реформалардың жалғасы. Өз кезегінде сайлаудың қорытындылары алдағы уақытта іске асырылатын кезекті реформалардың негізін, алғышартын қалыптастыруы керек. Сондықтан өтіп жатқан сайлау науқаны елде болып жатқан өзгерістерге тағы бір серпін беріп, халықтың шешім қабылдау процесіне кеңірек тартылуына септігін тигізуіне жағдай жасайды деп ойлаймын, - деп айтты Мемлекеттік кеңесші журналистерге берген сұқбатында.

Сөзінше, бірмандаттық округтер бойынша сайлаудың өткізілуі, үміткерлердің өзін-өзі ұсынуы - биылғы сайлау науқанының үлкен бір ерекшелігі.

Яғни бұл азаматтардың сайлауға қатысуға мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейтті. Бұған дейін пропорционалды жүйе болғанын білесіздер. Онда негізінен партия мүшелері ғана сайлауға түсе алатын еді. Енді бірмандаттық округтер бойынша сайлау енгізілгеннен кейін қарапайым азаматтардың міндетті түрде партия мүшесі ретінде ғана емес, сонымен бірге қарапайым азамат ретінде сайлауға түсуге мүмкіндік ашылды. Бұл - ең алдымен сайлау құқығының, таңдауының кеңеюінің белгісі. Екіншіден, сайлаушыларға, өкілетті органдарға өз өкілдерін таңдауға мүмкіндік береді. Сондықтан бірмандаттық округтер бойынша аралас сайлау жүйесінің енгізілуі азаматтарға өз таңдауын жасауға әсер етеді, - деді Қарин.

Бұған дейін Мемлекеттік хатшының елордадағы Ұлттық кітапханада ашылған сайлау учаскесіне келіп дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы