Орталық Азия аймағы, соның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазыналы шежіресімен ерекшеленеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады. Кезінде тарихпен айналысып жүргенде осы балбалдарды өзім де зерттегенмін, - дейді ол.
Оның айтуынша, бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тарлығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді.
Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшылары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады. Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбалдардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді, - деп түйіндеді Мемлекеттiк кеңесші.