Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында көпшілік орындарда бетті тұмшалап жүруге қатысты қабылданған заң туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, бұл бастама бірнеше деңгейде жүзеге асырылуы тиіс: бірінші кезекте – заңнамалық және құқықтық тұрғыда.
Соңғы жылдары дін мен басқа да салаларда көптеген мәселелер азаматтардың еркіне беріліп кетті. Әрине, елімізде діни сенім бостандығы бар, оған ешкім күмән келтірмейді. Бірақ шектен шыққан радикалды көзқарастар мен әрекеттерге қатысты нақты шектеулер болуы шарт. Мемлекет мұндай жағдайларға бей-жай қарай алмайды, – деді Ерлан Қарин.
Ол биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент қабылдаған маңызды шешімдердің бірі ретінде қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге тыйым салу нормасын атап өтті. Бұл шектеу ең алдымен қауіпсіздік мақсатында қабылданған.
Бұл талап тек діни сипаттағы киімге қатысты емес. Жалпы, қоғамдық ортада азаматтардың бет-аузын бүркемелеп жүруіне шектеу қойылады. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар Ерлан Қарин қоғамдық сана мен ақпараттық иммунитет мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, тек мемлекет тарапынан қабылданған шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Азаматтардың өзі де ақпаратпен сауатты жұмыс істеуді үйреніп, ресми дереккөздерге жүгінуі тиіс.
Бұл тек діни бағытпен байланысты емес. Жалпы қоғамдық орындарда азаматтардың бетті жауып жүруіне белгілі бір шектеулер қойылады. Осындай секілді қадамдардың бәрінің мақсаты не? Азаматтардың қоғамдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қоғамдық санада бөлек атқарылатын жұмыс, ол үшін қоғамда құндылықтар дәріптелуі тиіс. Қоғамдық санада осындай жат құндылықтарға өзіндік тосқауыл берілуі керек. Барлығын мемлекет реттеп бере алмайды ғой. Әрбір азаматтың қолында смартфон, өздеріне қажетті ақпаратты тұтынады, – деді Ерлан Қарин.
Оның пікірінше, теріс идеология мен жат ағымдардың ықпалынан қорғанудың бірден-бір жолы – құқықтық реттеу мен қоғамдық иммунитетті қатар дамыту.
Азаматтардың өздері де ақпаратпен дұрыс жұмыс істеуді үйренуі тиіс. Балалардың да телефонды еркін пайдалануына ата-аналар тарапы белгілі бір шектеулер қоюы керек. Себебі, біздің балаларымыз 5-6 жасынан бастап планшет, телефон қолданады. Оның ішінен қандай ақпарат алып жатқанын кім біледі. Сондықтан, егер бірінші бөлімде мемлекет тарапынан жасалынатын жұмыс болатын болса, екінші бағыт қоғамның өз деңгейінде жасалатын жұмыстар. Ол үшін азаматтардың өздері де ақпаратты белгілі бір ережеге сәйкес тұтынуы тиіс. Ақпаратты ресми дерек көздерінен алғаны жөн. Сонда бізд түрлі заңсыз, жат идеологияның ықпалынан сақтанатын боламыз, - деп түйіндеді Ерлан Қарин.