Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды

Бөлісу:
Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды
Фото: Ұлттық ядролық орталық

Биыл елімізде АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум өткені белгілі. Дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 71, 12 % станса құрылысын қолдады. Мамандар бұл жәйт еліміздегі технологиялық прогресстің дамуы және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар осы саланың ілгерілеуіне өте зор ықпал етеді деп отыр. Ал дәл қазір Қазақстандағы атом энергетикасының әлеуеті қандай? Осы және өзге де сауалдардың төңірегінде BAQ. KZ тілшісі Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбековпен сұхбаттасқан болатын.

- Эрлан Ғадлетұлы, биыл Қазақстандағы АЭС құрылысы тақырыбының арқасында жұртшылық елдегі атом энергетикасы саласымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Түсінгеніміз – осы саладағы біздің елдің аяқ алысы көпшілік ойлағандай тым жаман емес екен. Елдегі атом энергетикасының, соның ішінде Ұлттық ядролық орталықтың қазіргі жағдайы туралы сіз не дейсіз?

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығын мысалға келтіре отырып, биыл біз өз қызметіміздің барлық бағыты бойынша бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру шеңберінде ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды ойдағыдай жүзеге асырғанымызды атап көрсеткім келеді. Бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар туралы айтатын болсақ, біз шешетін ғылыми міндеттер өте өзекті әрі сұранысқа ие міндеттер. Біздің бағдарламаларымыз Қазақстанда атом энергетикасын тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге, жалпы алғанда, Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамытуға; басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамытуға, оның ішінде КТМ токамагы негізінде дамытуға; климаттық өзгерістерді бағалауға және климаттың өзгеру салдарын жеңілдету бойынша ұсынымдар әзірлеуге; халық шаруашылығы айналымына беру жоспарланып отырған ССП аумағының жер ресурстары мен су объектілерін тұрақты басқаруды негіздеуге бағытталған.

Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды

- Естуімізше, Қазақстан атом энергетикасын дамыту бағытында шет елдермен тығыз байланыста жұмыс істейді екен. Осы тақырыпқа кеңірек тоқтала кетсек.

Бүгінгі таңда біздің халықаралық тапсырыстар топтамасында АҚШ, Жапония, Франция ұйымдарымен жаңа реакторлардың ядролық қауіпсіздігін арттыруға, таратпау мәселелерін шешуге бағытталған жобалар бойынша жасалған келісімшарттар бар.

Атап айтқанда, жапондық ұйымдармен бірлесіп сұйық металл жылу тасығышы бар шапшаң нейтрондардағы реакторлардың қауіпсіздігі мәселесін қолдау мақсатында бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары сәтті жүргізілді.

Жапонияның атом энергиясы агенттігімен жаңа Post EAGLE-3 келісімшарты жасалып, ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды.

SAIGA жобасы бойынша Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен жұмыс жалғастырылды, жобаның мақсаты – француздық шапшаң нейтрондарындағы ASTRID реакторының ауыр авария кезіндегі отын жинағының жай-күйін зерттеу.

Қазіргі уақытта эксперименттік құрылғының, натрий тұзағының жобалары пысықталып, SAIGA эксперименттік құрылғысының физикалық макетімен ИГР реакторы іске қосылды және эксперименттік құрылғымен реакторды іске қосу қауіпсіздігін негіздеу бойынша есептеулер жүргізілді. Сонымен қатар Үлбі металлургия зауытында SAIGA эксперименттік құрылғысының жылу бөлгіш жинағының жылу бөлгіш элементтерін жарақтандыруға арналған отын таблеткалары мен оның физикалық макетін дайындау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде тұзақтық натрий контурын құрастыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды

- Биылғы жылы іске асқан басқа да маңызды жұмыстарды айта кетсеңіз.

Биыл біз ҚР ҰЯО зерттеу реакторларын конверсиялау бойынша жоспарланған барлық іс-шараны жүзеге асырдық. Конверсиялау бойынша сәтті жүргізілген жұмыстардан кейін бүгінгі күні ИВГ.1М реакторы төмен байытылған урандағы жаңа актив аймақпен жұмыс істейді.Жоғары байытылған отынның таралу қаупін азайту мақсатында 2024 жылы Ұлттық ядролық орталық мамандарының күшімен ИВГ.1М реакторының пайдаланылған ядролық отынын (ПЯО) сұйылту және иммобилизациялау бойынша жеке өз технологиямызды әзірлеу жұмыстары жалғастырылды. Атап айтқанда, теориялық ізденістермен айналысып, зертханалық зерттеулер жүргіздік. Зерттеу нәтижелері МАГАТЭ сарапшыларына ұсынылды, қазір біз тұжырымдамалық технологияны әзірлеуге кірістік.

Төмен байытылған уран отынымен жұмыс істейтін ИГР реакторының сипаттамаларын сақтап қалу, мүмкіндігінше жақсарту мақсатында реактордың жаңа актив аймағының құрамы мен конфигурациясын оңтайландыру жұмыстары жалғастырылды. Жүргізілген есептеулер мен талдау реакторды ТБУ отынына ауыстыру мүмкіндігін растады. Реактордың сақталған сәулеленбеген ЖБУ отынын сұйылту жұмыстары аяқталды. Осы реактордың қолда бар сәулеленген жоғары байытылған отынын сұйылту мен кәдеге жаратудың өзіндік бірегей технологиясын іске асыру, сондай-ақ ҚР ҰЯО РМК күшімен ИГР реакторының жаңа эксперименттік ТБУ отынын өндіру тәсілдерін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2024 жылы ҚР ҰЯО РМК-ға жоғары байытылған отынды қайта өңдеу учаскесінің жабдығы жеткізілді, «Байкал-1» ЗРК-де осы отынды қайта өңдеу учаскесін құру және тестілеу бойынша жобалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды

- Әлемдегі жаңа технологиялар күн санап дамып бара жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан бұл көштен қалып қойған жоқ па?

Біз жаңа бағыттарды дамытуды біраз уақыт бұрын қолға алып, үзбей жүргізіп келеміз. Мәселен, басқарылатын термоядролық синтез және сутегі энергетикасы технологияларын дамытуды қолдау мақсатындағы жұмыстың сәтті жүргізілгенін атап көрсетпекпін. Мұнда біз бюджеттік және бюджеттен тыс бағдарламалар шеңберінде, оның ішінде ТМД елдерімен КТМ токамагы эксперименттік кешенін бірлесіп пайдалану туралы келісім мен Халықаралық ИТЭР ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаймыз. Оның шеңберінде конструкциялық материалдарды зерттеу жөніндегі төртінші жоба іске асырылып жатыр.

Сутегі энергетикасы технологияларын дамыту саласында биыл құрылған Сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығының базасында метан пиролизін жүзеге асыруға арналған қондырғыларды әзірлеу және баптау жұмыстары сәтті аяқталды. Эксперименттік зерттеулер жүргізілді. Осы бағыт бойынша ғылыми-эксперименттік база кеңейтіледі.

Радиациялық қауіпсіздік және экология саласында үлкен жұмыс атқарылды. Радиациялық қауіпсіздік және экология саласында төтенше радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылған аумақтардың бір бөлігіне кешенді экологиялық тексеру жүргізу жұмыстарын аяқтадық. Бүгінгі күні қоршаған ортаның жай-күйін радиациялық мониторингілеу жүйесі құрылды, ол ССП-дағы радиациялық жағдайдың кез келген өзгерісін қадағалап, жедел ден қоюға кепілдік береді.

Бұған қоса біздің жұмыс тәжірибеміз, біз әзірлеген зерттеу әдістері мен жаңа технологиялар бүгінгі таңда ССП аумағында ғана емес, Қазақстанның басқа да радиациялық қауіпті объектілерінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап көрсеткім келеді.

Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды

Таратпау режимін және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) қолдау стратегиялық бағыты шеңберінде бірегей жобалар іске асырылды. «Балапан» және «Сарыөзен» сынақ алаңдарының аумағын зерттеу, сезімтал ақпарат болуы мүмкін объектілерді іздеу бойынша ауқымды жұмыстар жалғастырылып жатыр.

Жүргізілген зерттеулер негізінде биыл «Балапан» және «Сарыөзен» алаңдарында орналасқан 1069 және 215-ұңғымалардағы жаппай қырып-жоятын қарудың таралу қаупін азайту жобасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Балапан» сынақ алаңындағы пайдаланылмаған екі ұңғыманы жою жобасын іске асыруға кірістік.

Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қолдау мақсатында ССП аумағында ұлттық сейсмикалық желіні калибрлеу және өңірлік сейсмикалық годографты нақтылау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

ЯСЖТШҰ-ның Халықаралық мониторинг жүйесіне кіретін барлық сейсмикалық және инфрадыбыстық мониторинг станциясының үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді. Бурабайдағы сейсмикалық станция ішінара жаңғыртылды. Радионуклидтік мониторинг станциясы пайдалануға берілді.

Жалпы алғанда, биылғы нәтиже ауыз толтырарлықтай болды, алға қойған барлық міндет орындалды, жүзеге асырылған жобалар еліміздің дамуына елеулі үлес қосты демекпін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Эрлан Батырбеков: 2024 еліміздің атом энергетикасы үшін өте маңызды жыл болды
Өзгелердің жаңалығы