Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарына барып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аграрлық кәсіпорындардың жұмысымен және қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде жергілікті шаруалар Солтүстік Қазақстан облысының аудандары елдің ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып отырғанын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Өз кезегінде Ерік Сұлтанов ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамытудың және осы саланы цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды қолданатын өндірушілердің қатары аз. Бұл өнімділіктің өсуін шектейді. Алдағы уақытта осы бағытты одан әрі жетілдіру аса маңызды. Жалпы соңғы жылдарда мемлекеттік қолдаудың арқасында агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамып келеді. Ауылшаруашылық және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру көлемі ұлғаюда. Қазіргі заманғы өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы технологиясымен қамтамасыз ету жұмысы да артып отыр, – деді сенатор Ерік Сұлтанов.
Депутат өңірге сапары кезінде Краснокиевка-Октябрьское бағытындағы және Чкалов ауылына кіреберістегі жолдарды жөндеу жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ Тайынша ауданының басшылығымен және автожол мамандарымен аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту перспективаларын талқылады.