Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне толықтырулар енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Атап айтқанда, тізімге Шығыс Қазақстан облысы Оба өзеніндегі су электр станциялары каскадын қосу жоспарланып отыр.
Қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған. Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді.
Министрлік ұсынған өзгерістер су тасқыны қаупін азайту және өңірдегі елді мекендерді қорғау үшін тасқын суды сенімді бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, бұл өзгеріс азаматтар мен өнеркәсіп нысандарын сумен жабдықтауды тұрақтандыру үшін жалпы сыйымдылығы 500 млн текше метрге дейінгі қоймалар кешенін дайындауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабын суару және экологиялық таза электр энергиясының қосымша көлемін өндіру үшін жағдай жасалады, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Құдайберген Қорғанбаев.