Ерекше сенбілік. Әкімдік Астананың үш жеріне ақша жасырып қояды

11 Сәуір 2024, 17:03
525
Бөлісу:
Ерекше сенбілік. Әкімдік Астананың үш жеріне ақша  жасырып қояды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарын осы сенбі, 13 сәуірде басталатын «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» эко-айлығына шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Эко-айлық аясында қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды күтіп-баптау бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою және т.б. жүргізіледі.

Әрбір адам елордамызды әдемірек және таза ету үшін үлес қоса алады. Акцияны қолдауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ерекше тосын сый әзірленді. Қаланың үш орнында «Орел мен решка» бағдарламасының форматында ақшалай сыйлықтар жасырылады. Оларды сенбілік кезінде табуға болады. Мысалы, қаладағы орындарға саябақтар, қоғамдық кеңістіктер, гүлзарлар, желекжолдар жатады. Ақшалай сыйлықтың мөлшері – 50 мың теңге (жалпы жүлде қоры – 150 мың теңге, демеушілік қаражат есебінен).

Сондай-ақ, қаладағы кәсіпорындардың, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілерінің (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.) өкілдерін, еріктілерді және т.б. эко-айлыққа қатысуға шақырылады.

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша эко-айлық 13 сәуірден бастап 11 мамырға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы