Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі жетілдіріледі

15 Тамыз 2019, 11:15
2632
Бөлісу:
Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі жетілдіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш президент қоры ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге көмектеседі. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының қоры Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған «Қамқорлық» жаңа бастамасын іске асыру бойынша жұмысын бастады.

Бүгінде Қазақстанда шамамен 86 мың мүмкіндігі шектеулі бала және ерекше қажеттіліктері бар 156 мың бала бар. Жүргізілген талдау бойынша, балалардың көбі оңалтуды үнемі қажет етеді. Бұл жүйке жүйесі, тірек-қимыл жүйесі және басқа да ауыр дерттері бар балалар.

Осы мақсатта Тұңғыш президент қоры мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіре келе, дамуында ауытқушылықтар бар балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында, нақты айтқанда, ондай балаларды қолдау жүйесін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде.

Тұңғыш президент қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев бұл бастаманы іске асырудың механизмдері туралы айтып өтті.

«Тұңғыш президент қоры осы бастама аясында мүгедектікті азайту, әлеуметтендіру, алдын алу және ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау үшін бірінші кезекте қолданыстағы инфрақұрылым негізінде сегіз оңалту орталығын ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, біз білім беру ұйымдарында сегіз инклюзияны қолдау ресурстық кабинеттерін ашуға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Бұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Тараз, Түркістан, Семей, Қостанай, Орал, Атырау және Талдықорған қалаларына әсіресе қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес, орталықтарды қажетті жабдықтармен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қамтамасыз етеді», - деді Әсет Исекешев.

Тұңғыш президент қоры мамандарды даярлауды және шоғырландырылған электрондық платформаны құруға жәрдемдесуді көздейді.

Жоғарыда аталған іс-шаралар – «Қамқорлық» бастамасының бірінші кезеңі. Бұл жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар 5 мыңға жуық балаға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте алдағы уақытта ықпалдастырылған көмек жүйесі құрылатын болады.

Айта кетейік, 2019 жылғы 1 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен кездесу барысында «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары бойынша арнайы тапсырмалар берді.

«Қор бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру үшін тиісті жұмыс жүргізіп келеді. Біз талантты жастарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды қолдауға бағытталған «Ел Үміті» және «Қамқорлық» атты жаңа екі жобаны іске асыруды бастаймыз. Талантты жастарымыз ел ішінде және шет елде білім алуы үшін оларға көмектесуіміз керек. Бұл өте пайдалы әрі қажетті жұмыс. Жалпы, Қордың осы бағыттағы жұмысын жандандыру керек», - деді Қазақстанның Тұңғыш президенті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ел үміті» және «Қамқорлық» жобаларының орындалуын үйлестіру үшін Қордың жанынан «Елбасы академиясы» құрылады. 

Өзгелердің жаңалығы