Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ерекше баланың анасы: Арбамен жүретін балаларға мектеп пен автобус қолжетімсіз

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Тамыз 2025, 17:28
809
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Астанада өткен баспасөз конференциясында «SPINA BIFIDA» қоғамдық қорының жетекшісі Арайлым Құмаржанова елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымның сын көтермейтінін ашық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, Қазақстандағы ғимараттардың, жолдардың және қоғамдық көліктің 90 пайызы арбамен жүретін балалар үшін қолжетімсіз.

Қазақстан Халық партиясының бастамасымен Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдау және қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жұлын жарығы диагнозы бар баланың анасы, қоғамдық қор жетекшісі Арайлым Құмаржанова елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инфрақұрылым сын көтермейтінін айтты. Бүгін мен ашық түрде мәлімдегім келеді: еліміздегі мектептердің, жолдардың, тротуарлардың және қоғамдық көліктің шамамен 90 пайызы арбамен жүретін балалар үшін қолжетімсіз, – деді ол.

Оның айтуынша, мектептерде пандустар мен лифттердің жоқтығы, арнайы санитарлық тораптардың болмауы салдарынан арбамен жүретін балалар үйде оқуға мәжбүр. Ал көп жағдайда оңалту орталықтары да олар үшін қолжетімсіз – тек ата-аналар ашқан жеке орталықтар ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып келеді.

Қоғамдық көліктер ескі, автобустарда биік баспалдақтар бар. Көше инфрақұрылымы да бейімделмеген, тротуарлардан түсетін жерлер жоқ, – деді ол.

Сонымен қатар, Арайлым Құмаржанова Жұлын жарығы диагнозы бар балалар бойынша нақты статистиканың болмауын, профильді мамандар – нейроуролог, нейроортопед, балалар колопроктологы мен нейропсихологтардың жетіспеушілігін де мәселе ретінде атады.

Ол мемлекет пен қоғамға бірнеше нақты ұсыныс айтты:

  • Қалалардағы инфрақұрылымның қолжетімділігіне тәуелсіз бақылау жүргізу және бұл іске ата-аналар мен ҮЕҰ өкілдерін тарту;
  • Әкімдіктер жанынан ата-аналарға көмек көрсететін, баланың мектепке немесе емханаға кіре алмау жағдайларын шешуге мүмкіндік беретін құрылымдар құру;
  • Астанада Ана мен бала орталығы базасында “Жұлын жарығы” орталығын ашу.

Біз мүмкін еместі сұрап отырған жоқпыз. Бұл - әр баланың қолжетімді білімге, медицина мен әлеуметтік ортаға құқығы. Бұл тек мүгедектігі бар балаларға қамқорлық қана емес, бұл –қоғамымыздың кемелдігі мен адамгершілігінің көрсеткіші, – деп түйіндеді сөзін Арайлым Құмаржанова.

Өзгелердің жаңалығы