2025 жылғы 2 желтоқсанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматшаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгілі болғандай, елордалық полицейлер «ерекше балалардың» ата-аналарын қорлаған блогер Гүлнәрді ұстап, «ұсақ бұзақылық» бойынша оның ісі сотқа жіберілген болатын.
Іс материалдарына сәйкес, әйел Instagram әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында бейнежазба жариялап, онда бейәдеп сөздер, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға бағытталған қорлайтын фразаларды қолданған. Сот бұл әрекетті қоғамға ашық түрде құрметсіздік көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағалап, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша саралады.
Қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу жүргізілген жоқ, себебі бұл әрекет әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралады. Сот отырысы барысында ол кінәсін ішінара мойындады: бейәдеп сөз қолданғанын растады, алайда балаларды қорлау ниеті болмағанын айтты.
Әйелдің асырауында 2016 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар. ҚР ӘҚБтК-нің 50-бабы 2-бөліміне сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге әкімшілік қамау қолданылмайды. Сот оның кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеп отырғанын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Құқықбұзушылықтың сипатын және істің мән-жайларын ескере отырып, сот О-ға 20 АЕК — 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін де мұндай жағдай орын алған. Әлеуметтік желілерде ерекше балаларға қатысты "Аутист балаларды өлтіру керек" деп даулы пікір айтқаны үшін Алматыда блогерге қылмыстық іс қозғалды.
Асхат Аймағамбетов өрескел пікір айтқан блогерге қатысты өз ойын білдірді.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде аутист балаларға қатысты өрескел мәлімдеме жасаған блогердің іс-әрекетіне заң аясында баға берілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, блогер Райхан Жұмамұратова неге өрескел пікір жазғанын түсіндірді.