Ербол Шаймерденов – қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы және Қазақстан Республикасы Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Астанада рәмізтанушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденовке арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.
Бүгінгі іс-шара Ербол Шаймерденұлының 70 жылдығына арналып отыр. Ол елтаңба, ту мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болған, тәуелсіздік алғаннан кейін рәміздердің бәрін зерттеп, сол бойынша кітап жазып, рәмізтануға үлес қосқан. Сондықтан бүгін жақын таныстарының оны еске алу ғылыми кеші ұйымдастырылып отыр, - деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының бас сарапшысы Абай Айдарбек.
Конференция барысында Ербол Шаймерденовтың мәдениет, тіл және геральдика саласына сіңірген еңбектері ғана баяндалып қоймай, адамгершілігі мен тұлғалық қасиеттері көп айтылды. Іс-шараға Парламент депутаттары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар қатысты. Олардың ішінде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы да болды.
Бүкіл дүние жүзіндегі елтаңбаларды қарап, соған анализ жасағаны маған қатты ұнады. Шын мәнінде өте білімді, дәстүрімізді терең білетін. Сол кісінің арқасында, меніңше, қазіргі қолданыста жүрген рәміздеріміз өз қалпына келді. Мемлекеттік рәміздер осы Еркін Шаймерденов бар кезде қалыптасты. Ерекеңнің рәміздердің қалыптасуына сіңірген еңбегі өз алдына ғылыми зерттеуге жататын жұмыс, - деді ол.
Айта кетейік, іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйымдастыруымен өтті.