Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесу барысында Ресей мен Украинаның тікелей келіссөздерді қайта бастауға деген ұмтылысын жоғары бағалап, Анкара бұл процестің әр сатысында қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келіссөз барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастар мен аймақтық, жаһандық мәселелерді де талқылады. Ердоғанның мәлімдемесінде Түркияның Украинадағы бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы кез келген бастаманы қолдайтыны атап өтілді.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинаға 15 мамырда Стамбулда алдын ала шарттарсыз келіссөздер өткізуді ұсынған болатын. Ол бұл келіссөздер аясында атысты тоқтату туралы келісімге келу мүмкіндігін жоққа шығармады. Кремль өкілі Дмитрий Песковтың айтуынша, Мәскеу ұзақ мерзімді бейбіт шешім іздеуге дайын.
Өз кезегінде Владимир Зеленский Мәскеудің атысты 12 мамырдан толық тоқтатуы қажеттігін алға тартты. Тек содан кейін ғана Киев келіссөздер үстеліне отыратынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Украина билігін Путиннің ұсынысына келісуге шақырып, бұл бейбітшілікке бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін екенін айтты.
Кейін Зеленский Ресей президентін бейсенбі күні Түркияда келіссөздерге келуге шақырды.