Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс салдарынан Газа секторында қалыптасқан гуманитарлық ахуалды Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "соңғы ғасырдағы ең қатігез геноцид" деп сипаттады. Бұл туралы ол Стамбулдағы жазғы мектеп қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Ердоғанның сөзін Hürriyet басылымы таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз өркениетті әлем деп жүргеніміздің шындығында концлагерьлерден де қорқынышты көрініске куә болып отырмыз. Газада балалар мен сәбилер ғана емес, адамзатқа тән барлық құндылықтар бірнеше қылмыскердің қолымен жойылуда, - деді ол.
Түркия басшысы Газа аумағындағы азық-түлік тарату орталықтарын «қырғын орындары» деп атады. Оның айтуынша, бұл жерлерде аналар бір қап ұн не бір жұтым су алу үшін өмірін қатерге тігуде.
Біздің үкімет Израильдің террористік саясатына қарсы ашық әрі табанды ұстаным ұстанып отыр. Біз Газадағы бауырларымызды бір сәтке де жалғыз қалдырмадық. Израильмен барлық сауда байланысын үздік, - деп нақтылады Ердоған.
Сондай-ақ, Түркия Газа халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты.
Айта кетейік, Израиль қорғаныс армиясы 27 шілдеде Газа аумағындағы әскери қимылдар аясында күнделікті гуманитарлық үзіліс енгізілгенін хабарлады. Мұндай үзілістер Әл-Маваси, Дейр әл-Балах және Газа қаласын қамтитын аудандарда жүзеге асырылуда. Бір күн бұрын, 26 шілдеде Израиль әскері Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізуді қайта бастағанын мәлімдеген болатын. Олар бұл қадамды «Хамас тарапынан таратылған аштық туралы жалған ақпаратты жоққа шығару» мақсатымен түсіндірді.