Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Amanat партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды, деп хабарлайды партия баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, Асхат Оралов қалалық филиалдың кезектен тыс конференциясына қатысқан. Осы жиында делегаттар Amanat партиясы филиалының жаңа төрағалығына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты сайлады.
Партияның Атқарушы хатшысы филиал жаңа басшылығының алдында партияны модернизациялауды ескере отырып, жұмысты жандандыру және сайлауалды міндеттемелердің сапалы орындалуын бақылау міндеттері тұрғанын атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы, Amanat партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланыс жасауда транспаренттілікті арттырып, қоғамның барлық өкілдерімен жұмысты күшейту бойынша міндеттер қойды. Партияның барлық сайлауалды уәделерін – азаматтардың талап-тілектерін, "аманаттарын" орындау негізгі басымдық болып қала береді. Бұл ретте біз мемлекеттік органдардан цифрлар талап ететін тәжірибеден алшақтауымыз керек. Азаматтардың пікірлерін ескере отырып, бағдарламаның тармақтарын нақты іске асыруға ықпал ететін проактивті форматқа ауысуымыз қажет, - деп атап өтті Асхат Оралов.