Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов әскери борышын өтеп жүрген кезінде комаға түскен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, ол өте ауыр жарақат алған. Біздің мамандардың бағалауынша, реабилитациялық әлеуеті төмен, бұл көрсеткішті үнемі қайта қарап отыру қажет. Жақында ол Түркиядағы клиникадан емнен оралды. Қазір оны үйіне жеткіздік, – деді Тимур Мұратов.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет азаматтарды санитарлық авиацияның арнайы жабдықталған ұшақтарымен тасымалдайды. Оның сөзінше, мұндай мүмкіндік көптеген көрші елдерде жоқ.
Бір рейстің өзі шамамен 50-60 миллион теңгеге шығады. Бұл жолы Денсаулық сақтау министрлігі оның емделуі мен сапарының бір бөлігін өтей алды. Біз азаматтарымыз үшін қанша шығын қажет болса да, барлық мүмкіндікті қарастыруға дайынбыз. Мамандар тобы әрі қарай пациенттің жағдайын бақылап, реабилитациялық әлеуеті мен қалпына келтіру мүмкіндігін тағы да бағалайды. Содан кейін осы науқасқа қатысты шешім қабылдаймыз, – деп қосымша түсіндірді вице-министр.
Еске салсақ, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери борышын өтеу барысында қаза тапқан сарбаздардың аналарының арызын 12 күнде қарауды тапсырды.