Ералы Тоғжанов Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты

25 Қыркүйек 2022, 18:47
1335
Бөлісу:
Ералы Тоғжанов Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың кезекті жұмыс сапары Ойыл ауданында жалғасты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен, мемлекеттік мекеме жұмысымен және шаруалар жайымен танысқан өңір басшысы Ұлы Жібек жолының бойындағы «Көкжар» жәрмеңкесінің 155 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты. 

Облыс әкімі алдымен Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінің Қоңырат елді мекенінде орналасқан «Тәжібай агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Серіктестік басшысы Абыл Сатаев асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. Бүгінде кәсіпкердің өрісінде 500-ден астам ангус тұқымды сиыр бар. Репродукторлы шаруа қожалығын құру мақсатында 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алып, 235 ангус тұқымды ірі қара малын сатып алған. 2021 жылы «Агробизнес» бағдарламасымен тағы несие алып малына мал қосқан. 

Дәл осы жерде асыл тұқымды  Абердин-Ангус, Қалмақ, Симментал, Ақ бас, Әулиекөл сиырларының көрмесі қойылып, шаруалар шаруашылық жайымен бөлісті. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев мемлекеттік бағдарламалар арқасында  асыл тұқымды мал алушылар саны көбейгенін айтты. Бүгінгі таңда  аудандағы 19 шаруашылықта 1781 асыл тұқымды мүйізді ірі қара,   24 шаруа қожалығында 10868  асыл тұқымды қой өсірілуде. Ағымды жылдың 8 айында мал шаруашылығы саласында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 132 шаруа қожалығының құжаттары ұсынылып, 432 621,0 мың теңге субсидия төленген. 

Алдында мыңғырған малы бар, бірнеше гектар жерден мол өнім алып отырған шаруалармен кездескен облыс әкімі алдағы уақытта өңірде «Ауыл аманаты» жобасы басталатынын айтып, аталған жобаға қолдау білдіруге шақырды. 

Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының көпшілігі қолдауды қажет етеді. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар, техникаларыңыз сайлы. Енді кішкене сол елдің азаматтарын қолдауға үлес қоссаңыздар. Бұған дейін Жамбыл облысында нәтижесін беріп, пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Ауыл аманатын» енді Ақтөбе облысында бастаймыз. Ауыл тұрғындарына алдағы уақытта үйлерін кепілдікке қойып 2,5 пайызбен несие берілетін болады. Осы уақытқа дейін мұндай тәжірибе елімізде болған жоқ. Бұл жоба ауыл тұрғындарына мүмкіндік беру үшін қолға алынады. Бірақ ештеңе тегін болмайды. Тұрғындар соны ескерулері керек. Олар өздері тұратын үйін өздерінің табыс көздеріне айналдыруы қажет. Мал ұстай ма, бау-бақша еге ме әрбір тұрғын өзі таңдайды. Ал кооперативтер оларға техника жағынан, шыққан өнімдерін сату жағынан көмектесуге  тиіс, — деді облыс әкімі. 

Бұдан соң Ералы Тоғжанов Ойылдағы демеушінің көмегімен салынған аудандық музыка мектебінің жұмысымен танысты. 1971 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан музыка мектебінің 7 бөлімінде қазір 500-ден астам бала білім алуда. Республикалық, облыстық деңгейдегі жетістіктері де жетерлік. Мектептің ішін аралап көріп, оқушылармен кездескен облыс әкімі жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. 

Сапар барысында облыс әкімі ауласын табыс көзіне айналдырып, қысы-жазы ойылдықтарды көкөніспен қамтып отырған Сапура мен Мир Құлбаевтардың үйіне арнайы барды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында алғашында 6 пайызбен жеңілдетілген несие алған ауыл тұрғындары, бүгінде ісі алға басқан шағын кәсіп иесіне айналған. Өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, тағы екі жылыжай салып жатыр. Олар облыс әкіміне алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту жоспары бар екенін айтты. Ерлі-зайыптылардың қарапайым істі үлкен кәсіпке айналдырып отырғанына риза болды.

Тұрғындар осындай өз ауласын кіріс көзіне айналдырып отырған отбасыларды көріп, үлгі алулары керек. Бұндай шаруа ауылдың әрбір тұрғынының қолынан келеді. Тек сәл ғана қолдау көрсетіп жіберу керек. Аудан, ауыл әкімдері осы мәселеге назар аударулары тиіс, — деді Ералы Тоғжанов. 

Бұдан соң өңір басшысы Ойыл мен Қараой ауылы арасын жалғайтын жолдағы орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігердің алдына нақты міндеттемелер қойды. 

Өзгелердің жаңалығы