Ақтөбе облысында белгісіз біреулер ер адамның денесін ауруханаға тастап, қашып кеткен

9 Қазан 2019, 09:46
1735
Бөлісу:
Ақтөбе облысында белгісіз біреулер ер адамның денесін ауруханаға тастап, қашып кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы Алға аудандық орталық ауруханасының дәлізіне белгісіз адамдар жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған жас жігіттің денесін тастап кетіп, өздері бой тасалаған, деп жазды 24.kz.

Алға аудандық ауруханасы кезекші медқызметкерлерінің айтуынша, алып келген жігіттер үшеу болған. Олар көліктің нөмірін естеріне сақтап қалмаған, алайда көліктің қою көк түсті екенін байқаған. 

Медициналық қызметкерлер бірден полицейлерге хабарласты. Іздестіру жұмыстарын жүргізген полицейлер біраз уақыт өткен соң Бестамақ ауылына кіреберіс жерде қою көк түсті Lexus GS 300 автокөлігін тоқтатты. Машинаның ішінде 3 азамат отырды. Полиция қызметкерлеріне жігіттердің жүріс-тұрысы күдікті көрінді. Тергеп-тексеру барысында ер адамдардың бірі қылмысын мойындап, ұрыс-жанжал кезінде зардап шеккен жігітке пышақ сұғып алғанын, оның ес жимастан оқиға орнында қаза болғанын айтты. 

Ол полиция қызметкерлеріне марқұм болған азаматты өлтірген пышағын көрсетті. 

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 99-бабы, 1-тармағы (Адам өлтіру) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өзгелердің жаңалығы