Италияда 57 жастағы ер адам үш жыл бойы анасының өлімін жасырып, денесін мумиялап сақтаған. Сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін алуды жалғастырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі RaiNews-ке сілтеме жасап.
Оқиға Мантуя провинциясындағы Борго-Вирджилио қаласында болды.
Итальян полициясы 57 жастағы ер адам үш жыл бойы анасының өлімін жасырып, оның зейнетақысын алуды жалғастырғанын анықтады.
БАҚ-тың мәліметінше, әйел 2022 жылы табиғи жолмен қайтыс болған. Медициналық білімі бар ер адам денеден барлық сұйықтықты шығарып, оны іс жүзінде мумиялап, пәтерінде сақтаған. Өлімді ол көршілер мен таныстардан да жасыра алған.
Үш жылдан соң өлі адамның жеке куәлігінің мерзімі біткен. Зейнетақы төлемдерін жоғалтпау үшін ер адам мемлекеттік мекемеге әйел болып киініп барған. Ол көйлек киіп, парик тағып, тіпті макияж жасаған.
Алайда мекеме қызметкерлері ер адамнан күмәнданып, полиция шақырған. Тексеру барысында әйелдің ұзақ уақыт бұрын қайтыс болғаны анықталған.
Қазір ер адамға қатысты үш бап бойынша айып тағылуда. Яғни, өлі адамның денесін жасыру, мемлекеттік төлемдерді алу кезінде алаяқтық жасау және өзін басқа адам ретінде көрсету.
Тергеу амалдары жүргізілуде.