ЕҚЫҰ Қазақстандағы референдум нәтижелерін жоғары бағалады

14 Маусым 2022, 10:02
3656
Бөлісу:
ЕҚЫҰ Қазақстандағы референдум нәтижелерін жоғары бағалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Польшаның төрағалығымен өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Тұрақты кеңесінде Қазақстан делегациясы Ұйымға қатысушы мемлекеттерге 5 маусымда өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижелері туралы ақпарат ұсынды.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Әзербайжан, Ұлыбритания, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Еуропалық одақтың, соның ішінде оның мәлімдемесіне қосылған Солтүстік Македония, Черногория, Сербия, Албания, Босния және Герцеговина, Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Украина, Грузия және Молдова мемлекеттердің өкілдері Қазақстанда плебисцит өткізуді құптап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды демократияландыруға бағытталған референдум өткізу туралы қабылдаған шешімінің маңыздылығын атап өтті.

Баяндаушылардың пікірінше, сайлаушылардың жоғары белсенділігі Президент жүргізіп жатқан саяси және демократиялық реформаларына халық тарапынан жоғары сенімнің көрінісі екенін назарға алуда.

Атап айтқанда, мәлімдемеге қосылған ЕО делегациясы мен 11 қатысушы мемлекет қазақстандықтардың демократиялық институттар мен елдегі құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған конституциялық түзетулерді қолдауының маңыздылығын атап өтіп, халықпен тікелей консультациялар өткізу және референдум барысын қадағалау үшін ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ны шақыру жөніндегі шешімді жоғары бағалады.

Қазақстан – Еуропалық одақ үшін маңызды әрі құнды әріптес. Біз бейбіт жиналыстардың, пікір білдіру мен қауымдастықтың негізгі еркіндіктерін қоса алғанда, Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің міндеттемелерін орындау, байланыстарымызды, сауда және ынтымақтастығымызды дамыту үшін бірлесе жұмыс істейміз, - делінген мәлімдемеде.

Өзгелердің жаңалығы