Іс-шара аясында көпжақтылық дағдарысын еңсерудегі аймақ мемлекеттерінің рөлі айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары және Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі арнайы өкілі сенатор Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ ПА бастамасымен Ашхабадта өткен «Орталық Азиядағы қауіпсіздікті, тұрақтылықты және диалогты күшейтудегі бейтарап мемлекеттердің рөлі» атты өңірлік семинарының жұмысына қатысты.
ЕҚЫҰ парламентшілері Орталық Азия елдері мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының перспективаларын, поляризацияланған контексте бейтарап кеңістіктің орнын, сондай-ақ ЕҚЫҰ аясындағы көпжақтылық дағдарысын еңсерудегі аймақ мемлекеттерінің рөлін талқылады.
Семинарда сөз сөйлеген Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ-ның бейбітшілік орнату мен жанжалдардың алдын алудың бірегей көпжақты алаңы ретіндегі рөлін нығайтудағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Осы тұрғыда ЕҚЫҰ-ның біртұтас бөлінбейтін еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құруды бастаған Астана декларациясын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Біз барлығымыз Астана рухын және Хельсинки рухын сақтауымыз және насихаттауымыз керек. Осындай біріктіруші көзқарас қана Ұйымды сақтауға және оның қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың іргелі мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға арналған тиімді көпжақты платформа ретіндегі әлеуетін ашуға мүмкіндік береді, - деді сенатор.
Жиын барысында геосаяси турбуленттілік пен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында аймақ елдері Орталық Азияның болашағы – тығыз ынтымақтастық пен диалогта екенін түсінгені атап өтілді. Бұған өңір мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері көп септігін тигізуде.
Өңірдегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейі парламенттер арқылы да сақталады. Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумының Қазақстанда өтуі Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуының негізгі бағыттарын талқылау үшін тұрақты жұмыс істейтін парламенттік алаң жұмысына негіз болды.
Қатысушы елдердің өкілдері ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық сын-қатерлеріне қарсы тұру, өңірлік ынтымақтастық пен тұрақты дамуды ілгерілету үшін көпжақты алаң ретіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті.