Эпилептолог: Жаңа әдіс бойынша операция жасаған он адамның алтауында ұстамалар тоқтады

Бүгiн, 07:00
241
Бөлісу:
Эпилептолог: Жаңа әдіс бойынша операция жасаған он адамның алтауында ұстамалар тоқтады
Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Бұрындары эпилепсияны емдеу мүмкін емес деген түсінік болған. Ғылым мен технология дами келе бұл дертке шалдыққан адамдар дәрігердің ұсыныстарын қалтқысыз орындаса өмірін жеңілдете алатынын түсінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР ПІБ МО ауруханасында Эпилептология орталығы жұмыс істейді. Бүгін біз орталық басшысы Жасұлан Өтебековтен эпилепсияның түрлері, емдеу жолдары туралы сұрап, бұл дертке шалдыққандарға әлемде көзқарас қандай, елімізде қандай шектеулер бар екені туралы әңгімелестік.

- Жасұлан Ерғалиұлы, эпилепсия дегеніміз не екенін қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші...

- Эпилепсия – адам миындағы электрлік белсенділік уақытша бұзылған кезде туындайтын ауру. Яғни мидағы жасушалардың шамадан тыс "белсенділігінен" электрлік сигналдар дұрыс жұмыс істемей қалады. Бұл жағдай "эпилепсиялық ұстама" деп аталады және дене мен санаға әсер етіп, уақытша өзгерістерге әкеледі.

Қарапайым мысал келтірсек, миды компьютер деп елестетіңіз. Егер оның бағдарламалары дұрыс жұмыс істемесе, ол "қатып қалады" немесе күтпеген әрекеттер жасай бастайды. Эпилепсиялық ұстамалар да сол сияқты – мидағы "жүйе ақауының" бір сәттік көрінісі.

Ұстамалар әртүрлі болуы мүмкін. Кейбірінде адам жай ғана біраз уақытқа "қатып қалады" немесе назарын жоғалтады, ал кей кезде бұлшықеттер дірілдеп, бүкіл дене құрысады.

Эпилепсия көп жағдайда емделеді немесе ұстамаларды бақылауға болады, дегенмен ол адамның алаңсыз өмір сүруіне кедергі келтіруі мүмкін.

- Эпилепсияның қанша түрі бар? Ол тұқым қуалай ма?

- Эпилепсияның түрі көп, олар ұстаманың сипаты мен аурудың пайда болу себебіне қарай жіктеледі. Жалпы эпилепсияны екі негізгі топқа бөліп қарастырамыз: фокальді (ошақты) эпилепсия және генерализденген эпилепсия.

Фокальді эпилепсияда ұстама мидың бір бөлігінен басталады. Қимыл-қозғалыс, сезім, эмоция секілді симптомдар ұстаманың қай аймақтан басталғанына қарай әртүрлі болады.

Генерализацияланған эпилепсияда ұстамалар мидың екі жағын да бірден қамтиды. Мұндай ұстамалар кезінде есін жоғалту, бұлшықеттердің құрысуы немесе дененің қатуы мен дірілдеуі жиі кездеседі.

Бұдан бөлек эпилепсияның бірнеше ерекше түр бар. Мәселен, абсанс-эпилепсия көбінесе балаларда байқалады, миоклониялық эпилепсия кезінде бұлшықеттер күрт тартылып қалуы мүмкін, ал фармакорезистентті эпилепсияда ұстамаларды дәрі-дәрмекпен тоқтату мүмкін емес.

Кейде бұл сырқат тұқым қуалайды, бірақ үнемі деп айтуға келмейді.

Мысалы, генетикалық өзгерістерден туындаған эпилепсия түрі бар, ол отбасының бірнеше мүшесінен байқалуы мүмкін. Ал құрылымдық өзгерістер, атап айтсақ ми жарақаты, ісік, даму кезіндегі ақаулар себеп болған эпилепсия тұқым қуаламайды.

Эпилептолог: Жаңа әдіс бойынша операция жасаған он адамның алтауында ұстамалар тоқтады

- Бұл дертке шалдыққан адамның қандай жағдайда ұстамасы ұстап қалуы мүмкін?

- Эпилепсиясы бар адамдардың ұстамасын тудыратын жағдайлар әртүрлі. Дегенмен оларға ортақ, жиі кездесетін триггерлер де бар. Эпилепсиялық ұстаманың негізгі себептерінің бірі – ұйқының бұзылуы немесе жетіспеуі. Күшті эмоционалдық күйзелістер, үрей немесе қатты қобалжу да миға әсер етіп, ұстаманы қоздыруы мүмкін. Сонымен қатар кейбір адамдарға жарқ-жұрқ еткен шамдар, экрандағы тез өзгеретін бейнелер, қатты дыбыстар триггер болады. Алкогольді шамадан тыс пайдалану, есірткі де ми белсенділігін өзгертіп, қауіпті жағдай туғызады, ал эпилепсияға қарсы дәрілерді уақытында ішпеу немесе мөлшерін өзгерту ұстамаларды күшейтеді. Әйелдерде етеккір циклінің кезеңдері, гормон деңгейінің өзгерісі, ұзақ уақыт тамақтанбау немесе қант деңгейінің кенет көтерілуі/төмендеуі де ұстаманың жиілігіне әсер етеді. Ауыр жаттығулар, күннің астында ұзақ жүру немесе дене қызуының көтерілуі, инфекциялар ұстаманы қоздыруы мүмкін.

Ұстамаларды болдырмау үшін дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті қатаң түрде қабылдап, ұйқы режимін сақтау қажет. Сонымен қатар уайымды, күйзелісті азайтып, жарық, алкоголь, шаршау сынды триггерлерден мейлінше аулақ болып, дұрыс тамақтану мен денсаулықты қадағалау ұстаманы болдырмауға септігін тигізеді.

- Сіздер мидың терең қабатына күрделі операциялар жасайтындарыңызды білеміз. Сол туралы айтып беріңізші...

- Былтыр біз мидың терең аймақтарынан шығып жатқан эпилепсиялық ұстамаларды көріп, бақылауға болатын стерео-ЭЭГ деп аталатын извазиялық әдісті енгіздік. Яғни мидың терең аймақтарына 8-ден 18-ге дейінгі контакттан тұратын электродтарды қойдық.

Мұндай әдіс терең ми қыртыстарына орнатылып, ұстама ошағының қай жерде екенін көруге мүмкіндік береді.

Былтыр ҚР ПІБ МО ауруханасының Эпилептология орталығы дәрігерлері болып 10 адамға осындай ота жасадық. Олардың бесеуінде эпилепсия ошағы табылып, күйдірілді. Бес пациенттің үшеуінде ұстамалар мүлдем тоқтаса, екеуінде айтарлықтай азайды. Сондай-ақ екі адам күйдіруден, резекциядан бас тартты. Тағы үш адамнан табылған ошақты резекция жасап, алып тастадық. Олардың да ұстамасы тоқтады.

Эпилептолог: Жаңа әдіс бойынша операция жасаған он адамның алтауында ұстамалар тоқтады

- ДДСҰ сайтындағы мәліметке сенсек, эпилепсиямен ауыратын адамдардың 80%-і табысы төмен немесе орташа елдерде тұрады екен. Бұл екеуі бір-бірімен қалай байланысты? Жалпы эпилепсия кең тараған сырқатқа жата ма?

- Иә, эпилепсия кең таралған аурулардың бірі және әлемде шамамен 50 миллион адам осы дертпен өмір сүреді. Оның 80%-ға жуығы табысы төмен немесе орташа елдерде тұратыны рас. Бұл екі құбылыстың арасындағы байланысты бірнеше факторлар арқылы түсіндіруге болады. Біріншіден, табысы төмен елдерде эпилепсияны диагностикалау үшін қажетті құрал-жабдықтар мен білікті мамандар жетіспейді.Эпилепсияға қарсы дәрілер (AEDs) қолжетімсіз немесе өте қымбат. Екіншіден, тропикалық және табысы төмен елдерде эпилепсия нейроцистицеркоз, малярия, менингит сынды инфекциялық аурулар салдарынан өршиді. Үшіншіден, медициналық көмек деңгейі төмен болғандықтан, әйелдердің босану кезінде алған жарақаттары мен инфекциялар эпилепсияны тудыруы мүмкін. Жол-көлік оқиғалары мен тұрмыстық жарақаттар да миды зақымдап, эпилепсияға әкеледі. Сонымен қатар табысы төмен елдерде эпилепсия туралы білім аз болғандықтан, олар дер кезінде көмекке жүгінбейді.

Кей мәдениеттер эпилепсияны "қарғыс" немесе "рухани жаза" деп қабылдайды. Тағы бір атап өтетін жайт, табысы төмен елдерде үлкен отбасылар мен халықтың тығыз орналасуы инфекциялардың таралуына ықпал етіп, тұқым қуалайтын эпилепсия жиі кездеседі.

- Көп елде бұл дертке шалдыққан адамдарға түрлі тыйымдар салынады. Мәселен көлік айдауға болмайды немесе кей жұмыстарды істеуге болмайды дегендей... Қазақстанда қандай ережелер бар?

- Қазақстанда жүргізуші куәлігін алатын кезде медициналық тексеруден өту қажет. Эпилепсиясы бар адамдарға қатысты шектеулер мен талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген.

Эпилепсиясы бар адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұстамалардың жиілігі мен түріне, жұмыс орнының талаптарына байланысты әртүрлі. Қазақстанда еңбек заңнамасы бойынша жұмыс берушілер қызметкердің денсаулығын назарға алуы керек, бірақ эпилепсиясы бар адамдарды кемсітуге немесе негізсіз шектеуге болмайды.

Шектеулер биікте, ауыр техникамен жұмыс істейтін мамандарға, көлік жүргізушіге, электр маманы, қару-жарақтармен жұмыс істеу кезінде қойылуы мүмкін. Мұндай талаптар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалған.

Эпилептолог: Жаңа әдіс бойынша операция жасаған он адамның алтауында ұстамалар тоқтады

- Өзіңіз қызмет ететін ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Эпилептология орталығы туралы айтып берсеңіз...

- ҚР ПІБ МО ауруханасында 2017 жылдан бері біртіндеп пациенттерді қабылдай бастадық. Мұндай тәжірибе елімізде бұрын-соңды болмағандықтан орталықтың ашылуына шетелдік ментор, Грекия елінен келген профессор көмектесіп, 6 ай осы жерде жұмыс істеді. Ол әлемдегі, Еуропадағы озық технологияларды енгізіп, бейімдеп кетті. Эпилептология орталығы 2018 жылғы маусым айында ресми түрде құрылды.

Біз төрт деңгей бойынша жұмыс істейміз. Бірінші деңгей – диагноз қою, екінші деңгей – пациентке ем тағайындау, жүргізу, үшінші деңгей – тексерулер, төртінші деңгей – хирургиялық ота жасау.

Медициналық орталық ауруханасындағы Эпилептология орталығы бұл ауруды емдеудің толық циклін қамтиды.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы