Эпилепсия – әлем бойынша кең етек алған, созылмалы сипатқа ие неврологиялық сырқаттардың бірі. Бұл ауру кез келген жастағы адамдарда кездесуі мүмкін. Оның басты ерекшелігі – қайталанатын ұстамалар, яғни мидың электрлік белсенділігінің кенеттен бұзылуы нәтижесінде пайда болатын күй.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегінше, бүгінде шамамен 50 миллионға жуық адам эпилепсиямен өмір сүруде. Жыл сайын тағы 5 миллионға жуық адамға эпилепсия диагнозы алғаш рет қойылады. Эпилепсияның себептері мен оның адам өміріне әсері қандай? Заманауи медицина қандай ем түрлерін ұсынады? Осы сұрақтар төңірегінде арнайы материал дайындадық.
Эпилепсия туралы алғашқы көзқарастар
Эпилепсия – көне замандардан бері белгілі ауру. Ежелгі Грекияның дәрігері Гиппократ бұл дертті алғаш сипаттап, оны «қасиетті ауру» деп атаған. Ол бұл сырқаттың себебін ми қызметінің бұзылуынан іздеп, табиғи факторларға мән берген. Бүгінде медицина бұл ұстанымды ғылыми тұрғыда дәлелдеді деуге болады.
Аурудың пайда болу себептері
Эпилепсияның даму себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мамандар бұл сырқатты екі негізгі топқа бөліп қарастырады: туа біткен және жүре пайда болған эпилепсия.
Туа біткен эпилепсия генетикалық ақаулармен, құрсақ ішіндегі даму кезінде болған аномалиялармен немесе жүктілік кезінде ананың жұқпалы ауруларға шалдығуымен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ босану кезінде нәрестенің басына түсетін қысым, оттегінің жетіспеуі сияқты факторлар да өз ықпалын тигізеді.
Жүре пайда болған эпилепсияның себептері қатарына мидың жарақаттануы (жол апаты, соққы), инсульт, ми ісіктері және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары жатады. Бұл жағдайлар мидағы нейрондардың қалыптан тыс қозуына әкеліп, эпилепсиялық ұстамалардың басталуына себеп болуы ықтимал.
Сонымен қатар аурудың асқынуына әсер ететін қосымша факторлар бар: ұйқының бұзылуы, шамадан тыс күйзеліс, қатты эмоциялық толқу, жарықтың немесе дыбыстың шамадан тыс әсері, алкоголь мен есірткі қолдану, дәрілік терапияның бұзылуы әсер етуі ықтимал.
Эпилепсия емделе ме?
Эпилепсия – толықтай емделуі қиын, бірақ бақылауда ұстап тұруға болатын ауру. Қазіргі медицинада эпилепсияны басқарудың бірнеше әдісі қолданылады. Ең көп тарағаны – дәрілік терапия. Арнайы антиэпилептикалық препараттар ұстамалардың жиілігін төмендетіп, науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дәрі-дәрмектен нәтиже шықпаған жағдайда хирургиялық ем қолданылуы мүмкін. Бұл әдісте ұстаманың көзі болып отырған ми бөлігіне ота жасалады. Тағы бір заманауи тәсіл – вагус нервін стимуляциялау. Арнайы құрылғы арқылы жүйке жүйесінің қызметі реттеліп, ұстама жиілігі азаяды.
Дәрігерлердің айтуынша, эпилепсия дертін түрі мен себебіне байланысты, сондай-ақ дұрыс және уақытылы ем-шараны үзіліссіз қабылдау арқылы 60-70% жағдайда толық қалпына келтіруге болады. Ал қалған жағдайларда – дертті адамның жағдайының айтарлықтай жақсаруына және ұстамалардың жиі ұстап қалмауына қол жеткізуге болады.
Ем жүргізілетін орталықтар және мамандар рөлі
Қазақстанда эпилепсияны емдеуге бағытталған заманауи орталықтар жұмыс істейді. Солардың бірі – ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Эпилептология орталығы. Мұнда толық медициналық қызмет көрсетіледі: диагностикадан бастап, күрделі нейрохирургиялық операцияларға дейін. Орталықта әртүрлі мамандар – эпилептологтар, неврологтар, нейрохирургтер, диагностик-дәрігерлер бірлесіп жұмыс істейді.
Жыл сайын ондаған күрделі операциялар жасалып, көптеген науқастардың өмір сапасы жақсарып келеді. Бұл – эпилепсияны тиімді басқаруға болатынын дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаева жылына орталықта отызға жуық күрделі операция жасалынатынын айтады.
Өмір сапасы және әлеуметтік бейімделу
Эпилепсия диагнозы қойылған жандар толыққанды өмір сүре алады. Ең бастысы – дертті мойындап, тиісті емді үздіксіз қабылдау. Дәрігерлердің кеңесін орындап, ұйқы режимін сақтау, күйзелістен аулақ болу, триггерлерден қорғану – ұстамаларды болдырмаудың маңызды жолы.
Эпилепсиясы бар адамдар отбасын құрып, бала сүюге қабілетті.
Эпилепсия дертіне шалдыққан адамдар да үйленіп, перзент көруге әбден қабілетті. Ал бұл жерде ең маңыздысы – ауруды асқындырмау, үнемі бақылауда ұстау және тұрақты түрде, белгілі бір кезең аралық уақытта кешенді ем-шара қабылдау, яғни медициналық бақылауда болу керек, – дейді ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының эпилептолог-дәрігері Гүлдана Жұмабаева.
Бұл ретте алдын ала медициналық кеңес алу маңызды. Бала көтеру, босану және кейінгі кезеңдерде эпилептолог пен гинекологтың бақылауында болу ананың да, баланың да денсаулығын сақтау үшін қажет.
Эпилепсиясы бар науқасқа қалыпты өмір сүру қиын ба? «Жұмыс істеу, белсенді қимылдау... Әлде бұл аурудың түріне байланысты ма?»
Бұл сауалдарға невропатолог-эпилептолог Павел Ракович былай деп жауап береді.
Пароксизмальды бұзылулар және эпилепсия диагнозының өзі адамның өмірінде елеулі із қалдырады. Ең алдымен, бұл жұмысқа орналасуға белгілі бір негізделген шектеулер. Эпилепсиямен ауыратын адамдардың жарақат алу қаупі бұл аурусыз адамдарға қарағанда 70-80% жоғары екенін бастайық. Олар жарақат алу қаупі жоғары жұмыстарды орындай алмайды: оттың, судың, биіктіктің жанында жұмыс істеу, ашық электр жабдықтарымен, қозғалатын механизмдермен, көлікте және көлік құралдарын жүргізуде.
Статистикаға сәйкес, эпилепсиямен ауыратын науқастардың жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім деңгейі 50% жоғары. Эпилепсиямен ауыратын науқас үшін ең қауіпті жағдай – ваннаға бару.
Осыны ескере отырып, өкінішке орай, бүкіл әлемде ауруды стигматизациялау және эпилепсиямен ауыратын адамдарға біржақты көзқарас бар. Біз осы тұрғ,ыдан науқастың өзін жайлы және қауіпсіз сезінуіне көмек беруіміз керек, – дейді невропатолог-эпилептолог Павел Ракович.
Эпилепсия – қауіпті, бірақ басқаруға болатын ауру. Заманауи медицина мен ғылымның дамуы бұл сырқатпен өмір сүру мүмкіндігін кеңейтті. Уақытылы ем қабылдау мен дұрыс күтім эпилепсиясы бар жандардың да өмір сүру сапасын өзгелермен тең деңгейге жеткізе алады. Ең бастысы – қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру мен ақпараттандыру жұмыстарын күшейту. Сонымен қатар эпилепсиямен ауыратын адамдардың тек жақындары ғана емес, кез келген адам бұл дерттен шошымай қалыпты қабылдау керетігіне қоғамды барынша дайындау – аурумен күресуде тиімді нәтиже болмақ.