Еуропалық одақ Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 20-шы санкциялар пакетін дайындауда. Бұл туралы ЕО сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас Берлинде Германия Қорғаныс министрі Борис Писториуспен кездескеннен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Каллас санкциялар арқылы Ресейге қысымды күшейту қажеттігін атап өтті.
Соғыстарды бірінші болып ақшасы немесе сарбаздары таусылған тарап ұтылады, - деді ол.
Каллас АҚШ-тың ресейлік мұнай компанияларына салған шектеулері де қысымды арттыратынын айтты.
Жиырмасыншы санкциялар пакеті ресейлік сұйытылған газ импортына тыйым салу, қаржы мен сауда саласындағы жаңа шектеулер және ресейлік дипломаттарға қосымша шектеулер енгізуді қамтуы мүмкін. Сондай-ақ, Ресейдің жаңа энергетикалық компаниялары мен «көлеңкелі флот» танкерлері тізімге қосылуы ықтимал.
«Көлеңкелі флот» – батыс санкцияларын айналып өту үшін пайдаланылатын ескі, шетелдік жалаулы кемелер. Олар мұнайдың шығу тегін жасыру үшін AIS жүйесін өшіріп немесе деректерді бұрмалайды, кейде ашық теңізде бір танкерден екіншісіне жүк ауыстырады.