ЕО Қазақстан мен Ресей арасындағы заңды сауда қатынастарына араласпайды

Бөлісу:
ЕО Қазақстан мен Ресей арасындағы заңды сауда қатынастарына араласпайды
Фото: gov.kz

Бүгін Қазақстанға Еуропалық Одақтың (ЕО) санкциялар жөніндегі арнайы елшісі Дэвид О’Салливан келді. Ол ЕО тек санкциялық тауарларды бақылайтынын және Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға араласпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сапар аясында Дэвид О’Салливан қазақстандық ресми тұлғалармен бірнеше кездесу өткізіп, онда ЕО-ның санкциялық режимін сақтау және екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Кездесу аяқталған соң, Дэвид О’Салливан баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол Еуроодақтың Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастарына араласу ниеті жоқ екенін ерекше атап өтті.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандық компаниялардың Ресеймен қаржылық операцияларын ЕО қалай реттейтіні туралы сұрақ қойылды. Айта кетерлігі, Қазақстан өнімдеріне санкциялар қойылмаған.

Біз ешқашан Қазақстан мен Ресей арасындағы заңды сауда қатынастарына араласу ниетінде болған емеспіз. Біз тек санкциялық тізімдерімізге енгізілген тауарлар мен өнімдерді бақылаймыз. Басқа мәселелер бойынша Қазақстанға ешқандай талап қоя алмаймыз. Біздің назарымыздағы жалғыз нәрсе – санкцияға жататын тауарлар, - деп жауап берді О’Салливан.

Ол санкциялардың тек еуропалық тауарлар мен олардың қайта экспортталуына қатысты екенін атап өтті.

Біз Қазақстанда өндірілмейтін, бірақ кейбір компаниялар Қазақстан арқылы импорттап, Ресейге сататын еуропалық өнімдер туралы айтып отырмыз. Бұл Қазақстанда өндірілетін немесе әдетте Қазақстан Ресейге сататын тауарлар емес. Мұнда Ресейге салынған санкцияларды айналып өту мақсатында жүзеге асырылатын заңсыз сауда жолы туралы сөз болып отыр, - деді ЕО елшісі.

Еуропалық елшінің сапары Қазақстан мен ЕО арасындағы санкциялық саясат мәселелері бойынша диалогтың маңыздылығын және халықаралық сауданың ашықтығын сақтаудың қажеттілігін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы