Еуропалық Одақ елдері 25 жылдан астам уақытқа созылған келіссөздерден кейін Оңтүстік Американың МЕРКОСУР тобымен ең ірі еркін сауда келісімін жасауға келісім берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, келісімге АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтік саясаты жағдайында ЕО бизнесінің шығындарын өтеу, сондай-ақ Қытайға тәуелділікті азайтып, маңызды минералдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсат етілген. Бұл ұстанымды Германия мен Испания сияқты елдер қолдап отыр.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва бұл шешімді «мультилатерализм үшін тарихи күн» деп атап, келісім өсіп келе жатқан протекционизм жағдайында халықаралық сауданы экономикалық дамудың қозғаушы күші ретінде қолдайтынын мәлімдеді.
Алайда Франция бастаған бірқатар елдер келісімге қарсы шықты. Франция билігінің пікірінше, арзан ауылшаруашылық өнімдерінің – сиыр еті, құс еті мен қанттың импорты артып, еуропалық фермерлерге зиян келуі мүмкін. Осыған байланысты Франция, Бельгия және Польшада фермерлер жолдарды жауып, наразылық акцияларын өткізді.
Дауыс беру нәтижесінде келісімді 21 ел қолдап, Австрия, Франция, Венгрия, Ирландия және Польша қарсы шықты, ал Бельгия қалыс қалды. Германия канцлері Фридрих Мерц бұл шешімді «маңызды кезең» деп атап, келісім Германия мен Еуропа үшін экономикалық пайда әкелетінін айтты.
Енді Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругваймен келісімге ресми түрде қол қоя алады. Аргентина СІМ мәліметінше, қол қою рәсімі 17 қаңтарда өтеді. Дегенмен келісім күшіне енуі үшін оны Еуропалық парламент мақұлдауы қажет.
Еркін сауда келісімі аясында ЕО экспорттаушылары үшін шамамен 4 млрд еуро көлеміндегі баж салығы жойылады. Қазіргі таңда МЕРКОСУР елдерінде автокөлік бөлшектеріне – 35%, сүт өнімдеріне – 28%, шарапқа – 27% тариф қолданылады. ЕО мен МЕРКОСУР арасындағы тауар айналымы болашақта 111 млрд еуроға жетуі мүмкін.
Фермерлердің алаңдаушылығын азайту үшін Еурокомиссия бірқатар сақтық шараларын енгізді: сезімтал өнімдер импортына бақылау күшейтіліп, дағдарыс қоры құрылды, пестицид қалдықтарына тексеріс қатаңдатылды. Алайда бұл шаралар Франция мен Польшаны толықтай қанағаттандырмады.
Франция билігі күрес әлі аяқталмағанын айтып, келісімді Еуропалық парламентте тоқтатуға тырысатынын мәлімдеді. Экологиялық ұйымдар да келісімге қарсы шығып, Амазонка ормандарының жойылу қаупіне назар аударды.
Соған қарамастан, Еуропарламенттің сауда жөніндегі комитеті келісімнің мақұлданатынына сенім білдіріп отыр. Соңғы дауыс беру сәуір немесе мамыр айларында өтуі мүмкін.