Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ЕО-да миллионнан астам азамат тегін түсік жасату құқығын талап етті

2 Қыркүйек 2025, 01:29
709
Бөлісу:
 Euronews
Фото: Euronews

Брюссельде еуропалық азаматтардың «Менің дауысым, менің таңдауым» бастамасы миллионнан астам қол жинады. Петицияда ЕО аумағында барлық әйелдер үшін тегін әрі қауіпсіз түсік жасатуға жағдай жасау ұсынылған. Еурокомиссия бұл бастамаға 2026 жылдың наурызына дейін жауап беруге тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Еуропада әлі күнге дейін әйелдер заңды және қауіпсіз медициналық қызметке қол жеткізе алмай, өмірінен айырылып жатыр.

Еуропада 20 миллион әйел тегін түсік жасата алмайды. Бұл олардың өле беруі мүмкін екенін білдіреді, – деді бастама үйлестірушісі Ника Ковач.

Белсенділердің айтуынша, бұл мәселе қазіргі саяси жағдайда ерекше өзекті.

Грекиядан келген Анастасия Джамали: «Мальтада, Польшада және басқа да елдерде негізгі құқықтарды шектеу әрекеттерін көріп отырмыз. Сондықтан әйелдердің таңдау құқығын қорғау – біздің ортақ міндетіміз», – деді.

Қазір ЕО-ның 25 елінде түсік жасатуға рұқсат етілген, бірақ жүктілікті тоқтату мерзімі әр елде әртүрлі: Португалия мен Хорватияда – 10 апта, Нидерландыда – 24 апта, көпшілік мемлекеттерде – 12 апта. Ал Польша мен Мальтада түсік жасатуға іс жүзінде тыйым салынған.

Еурокомиссияның түсіндіруінше, бастама «еуропалық деңгейде түсік жасату құқығын құруды» тікелей көздемейді, алайда қоғам мен биліктің назарын теңсіздік мәселесіне аударуға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы