Еуропалық комиссия көміртегі шығарындылары көп өндірістік тауарларға арналған CBAM сертификаттарының бағасын жариялады. Бір тонна зиянды шығарындылар үшін баға 75,36 еуро (шамамен 87,14 АҚШ доллары) болып бекітілді. Сертификаттарды 2027 жылдан бастап сатып алу міндетті болады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
CBAM (Carbon Border Adjustment Mechanism – Шекаралық көміртегі түзету механизмі) сертификаттары ЕО-ға импорттайтын болат, алюминий, цемент сияқты көп көміртегі шығарындылары бар тауарларды өндіруші компанияларға беріледі. Әр сертификат 1 тонна CO₂-ға тең. Егер үшінші елде осы шығарындыларға арналған көміртегі салығы төленген болса, CBAM сертификаттарының саны қысқартылуы мүмкін, бұл екі рет салық салынбауы үшін қажет.
Механизм 2026 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Ол Еуропа өндірушілерін климаттық талаптары әлсіз елдердің компанияларының бәсекелестігінен қорғауға бағытталған. 2027 жылдың ақпанынан бастап CBAM шеңберіне кіретін тауарларды импорттайтын компаниялар 2026 жылғы сатып алуларға сәйкес сертификаттарды міндетті түрде сатып алуы керек.
CBAM арқасында шетелдік өнімдердің ЕО нарығындағы бағасы жергілікті өндірістің экологиялық стандарттарды сақтау шығындарын есепке алған бағасымен салыстырылатын болады. ЕО-ның Франция, Италия және Хорватия елдері бұрын тыңайтқыш импорты үшін CBAM сертификаттарын алып тастауға шақырған еді.
2026 жылы Еуропалық комиссия CBAM бағасын әр тоқсан сайын жариялап отырады, ал 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш апталық түрде шығарылады. 2026 жылдың екінші тоқсанындағы көміртегі салығының бағасы 6 шілдеде жариялануы жоспарланған.