Филиппин билігі төрт күндік жұмыс аптасына көшу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында жанармай бағасының қымбаттауы себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Қазір үкімет энергияны үнемдеудің түрлі жолдарын іздеп жатыр. Мемлекеттік мекемелерге жанармай тұтынуды кемінде 10 пайызға қысқарту тапсырылған.
Жаңа талаптар ұлттық ведомстволарға, мемлекеттік университеттерге және жергілікті басқару органдарына қатысты болады. Сонымен қатар қызметтік іссапарлардың санын азайтып, кездесулерді онлайн форматта жиі өткізу ұсынылған.
Бұдан бөлек, кеңселердегі кондиционерлердің жұмыс тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Электр энергиясын аз тұтыну үшін температураны 24 градустан төмен түсірмеу көзделген.
Билік икемді жұмыс кестесін енгізу мәселесін де талқылап жатыр. Ұсыныстардың бірі — төрт күндік жұмыс аптасына көшу. Алайда бұл жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Ел президенті Фердинанд Маркос-кіші үкімет мекемелеріне энергияны үнемдеу жолдарын қарастыруды тапсырғанын айтты. Ол сондай-ақ тұрғындарды жеке көлікті сирек пайдалануға, бірге жол жүруге және қоғамдық көлікті жиі таңдауға шақырды.
Сарапшылардың айтуынша, Филиппин мұнай импортына қатты тәуелді. Елдегі жанармайдың шамамен 90 пайызы Парсы шығанағы елдерінен жеткізіледі. Сондықтан әлемдік нарықтағы бағаның өсуі ел экономикасына тез әсер етіп, инфляцияның күшеюіне әкелуі мүмкін.