Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта беретінін айтып, саланы дамыту қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең алдымен кез келген энергия жүйесінің тұрақтылығы маневрлік қуаттардың бар-жоғына байланысты. Кейінгі жылдары жүктеме артқан сайын оның тапшылығы да анық байқалып келеді. Біз қажетті көлемді электр энергиясын қайта бағыттау арқылы толықтырып отырмыз. Энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта береді, - деді Үкімет басшысы.
Бектенов атағандай, электр қуаты жаңа өнеркәсіп орындарын, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту үшін қажет.
Ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуға тиіс. Сондықтан біз атом энергетикасына баса мән беріп отырмыз. Жоспарланған барлық энергетикалық жобаны уақтылы іске асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, соның ішінде энергияны жинақтау жүйелерін және гибридті электр станцияларын іске қосу қажет, - деп айтты Премьер-министр Үкімет отырысында.
Белгілі болғандай, Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергетика саласындағы 2035 жылға дейінгі міндетті атап, 10 жыл ішінде жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек екенін айтты.