«Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-3 еңбек ұжымы Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын және алдағы референдумды қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы кәсіпорын өкілдері Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Астана-Энергия» АҚ 3-ЖЭО жөндеу цехының басшысы Атажан Жолымбетов мемлекеттің орнықты дамуы үшін, энергетика саласындағыдай, нақты ережелер, тәртіп және жауапкершіліктің айқын бөлінуі қажет екенін айтты.
Энергетикада бұл – қуат пен жүктеменің тепе-теңдігі, мемлекетте – өкілеттіктер мен институттардың теңгерімі. Конституция осы жүйенің архитектурасын айқындайды. Ұсынылып отырған өзгерістер тұрақты әрі әділ дамудың берік негізін қалыптастырады, – дейді ол.
Оның айтуынша, Ата Заң мемлекеттік басқару жүйесінің тұтас құрылымын белгілеп, елдің одан әрі дамуына мықты құқықтық негіз қалайды.
ЖЭО-3 жылу автоматикасы және өлшеу цехының іс жүргізушісі Мария Цыбина да жаңа редакцияны қолдайтынын білдірді.
Фото:
Конституция – еліміздің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Конституциялық өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді деп есептеймін, – дейді ол.
Өз кезегінде Премьер-министр 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған ауқымды реформалар аясында маңызды саяси кезеңді бастан өткеріп отырғанын айтты.
Олжас Бектеновтің сөзінше, Конституцияның жаңа редакциясындағы басты құндылық – адам, оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары. Құжатта Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі екені нақты бекітілген. Бұл мемлекет тарапынан адами капиталды дамытуға және азаматтарды қолдауға бағытталған жаңа ұстанымды білдіреді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы бойынша жұмыс сапары барысында ЖЭО-3-ке барып, елорданың энергетикалық инфрақұрылымын тексерді. Аталған жұмыс сапары барысында белгілі болғандай, Қазақстанда жылына 400 техника шығаратын жаңа зауыт іске қосылды.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 триллион теңгеден асты. Негізгі өндіріс №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған.
Айта кетейік, Астана жылу қуаты тапшылығын толық жапты. Бұл бағытта табиғи газбен жұмыс істейтін ЖЭО-3 шешуші рөл атқарды. Станса үшінші жыл қатарынан елорданы жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтыну көлемінің өсуіне байланысты резерв қалыптастырып отыр.