Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Энергетикалық қауіпсіздік пен ЖЭК: ШЫҰ мен Араб елдері серіктестігін нығайтады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
3 Қазан 2025, 13:15
512
Бөлісу:
 Арман Мухатов
Фото: Арман Мухатов

Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында өткен "Климаттың өзгеруі және орнықты энергетика" тақырыбындағы отырыста ШЫҰ және Араб мемлекеттері лигасы алғаш рет климат және орнықты энергетика бойынша бірлескен сессия өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл – екі ірі өңірлік ұйымның климаттық саясат пен жасыл энергетика мәселелері бойынша алғашқы бірлескен ресми отырысы.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Ахмад Саидмуродзода климаттың өзгеруі бәріне ортақ мәселе екенін атап өтті.

ШЫҰ Азиядағы диалогты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Қазір біз жаһандық және өңірлік деңгейде климаттың өзгеруіне қатысты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз: температураның көтерілуі, топырақтың тозуы, су ресурстарының тапшылығы және энергия тұтынудың артуы – бұл барлық мүше мемлекетке ортақ мәселе, – деді Ахмад Саидмуродзода.

Оның айтуынша, климаттық дағдарысты еңсеру үшін ұйымдар арасындағы кеңейтілген әріптестік қажет. Бұл тек пікір алмасу емес, нақты әрекеттермен бекітілген серіктестік болуы тиіс.

ШЫҰ аясында климаттың өзгеруіне қатысты арнайы жұмыс тобы құрылуда. Сонымен қатар, біз “ШЫҰ ормандары” атты экологиялық науқанды іске қосып, қоршаған ортаны сақтау ісіне нақты үлес қосып жатырмыз, – деп атап өтті ол.

Араб мемлекеттері лигасымен серіктестік аясында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және жасыл экономикаға өту – басты бағыттардың бірі ретінде аталды. Күн мен жел энергиясын тиімді пайдалану – әсіресе Араб елдері үшін өзекті тақырып.

Шара барысында екі ұйымның мемлекет басшылары энергетика мен жасыл даму саласына қатысты ортақ бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

2030 жылға дейін Қытайдың төрағалығы аясында орнықты энергетикаға қатысты арнайы іс-қимыл картасы әзірленіп жатыр. Бұл жасыл энергетика саласында маңызды қадам болады, – деді ШЫҰ өкілі.

Ахмад Саидмуродзода екі ұйым атынан дайындалған бірлескен декларация климаттық саясатты дамытуда маңызды құжатқа айналатынына сенім білдірді.

Бұл бірлескен декларация – тек өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде де өзекті болады. Біз Араб мемлекеттері лигасына климаттық күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы