Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Энергетика саласына 1500 грант бөлінді: өтініш қабылдау басталды

21 Шілде 2025, 22:53
796
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Елімізде энергетика саласы бойынша мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттары конкурсына өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Энергетика саласы – Қазақстанның дамушы әрі стратегиялық маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары жаңа энергия өндіруші нысандар іске қосылып, заманауи технологиялар белсенді қолданылуда. Бұл – салада білікті мамандарға деген сұраныстың артқанының нақты дәлелі.

Әсіресе электр желілерін, газ турбиналарын, бу-газ қондырғыларын және болашақта іске қосылатын атом электр станцияларын жобалау мен пайдалануға беру бағыттарында мамандар қажет.

Осыған байланысты 2025/2026 оқу жылына энергетика саласы бойынша келесі білім беру гранттары бөлінді:

  • "В062 – Электротехника және энергетика" – 1000 грант;
  • "В162 – Жылуэнергетика" – 500 грант (толық және қысқартылған оқу түрі үшін).

Бұл мамандықтар бойынша оқыту еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында және өндірістік компаниялармен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі. Мұндай жүйе түлектердің жұмысқа орналасуын жеңілдетеді әрі өндірістегі сұранысқа бейімдейді. Сонымен қатар, "Алматы электр станциясы" АҚ энергетика саласының имиджін арттыру мақсатында жыл сайын қосымша қолдау көрсетіп келеді. Биыл бұл компания Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне 10 қосымша грант бөлмек, - делінген министрлік хабарламасында.

Энергетика министрлігі мамандық таңдау алдында тұрған талапкерлерді осы салаға назар аударуға шақырады. Себебі энергетика – тек тұрақты табыс көзі емес, болашаққа сенімді қадам.

Бұған дейін 2025 жылғы 13 шілдеден бастап елімізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға арналған білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталатынын жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы