Энергетика министрлігі жылу энергетикасы туралы жаңа салалық заңды әзірлеуге кірісті

19 Шілде 2022, 17:26
1736
Бөлісу:
Энергетика министрлігі жылу энергетикасы туралы жаңа салалық заңды әзірлеуге кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы тұжырымдамасының жобасын әзірледі. 

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазіргі уақытта Тұжырымдама жобасы сараптамалық және қоғамдық келісім алу үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер жылу энергетикасын дамыту мәселелерін регламенттеуге және реттеуге, елдің энергия кәсіпорындарында технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу үшін жауапкершілікті күшейтуге, көтерме сауда нарығы субъектілерінің өндіріс-тұтынудың тәуліктік кестелерін сақтамағаны үшін жауапкершілігін регламенттеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ электр энергиясы нарығында бәсекелестікті одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Электр энергиясын өндіру мен тұтынудың технологиялық процесін назарға ала отырып, ішкі тұтынушылардың тәуліктік кестелерінен ауытқуы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде теңгерімсіздік тудырады, бұл өз кезегінде тарихи қалыптасқан инфрақұрылым шеңберінде көршілес энергия жүйелерінің қатар жұмыс істеу режиміне әсер етеді.

Бұл ретте басқа энергия жүйелерімен синхронды жұмыс істейтін бір елдің энергия жүйесіндегі теңгерімсіздік қосарлас жұмыстың барлық қатысушыларына қолайсыз әсер етеді және энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктің сындарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілген жағдайда жүйелердің бірінің өзін-өзі оқшаулауына алып келуі мүмкін.

2021-2022 жылдардағы жылыту маусымы кезінде электр энергиясының 1 500 МВт (рұқсат етілген 150 МВт) көлеміндегі теңгерімсіздігі Ресей Федерациясының энергетикалық жүйесі есебінен жабылған.

Осылайша, энергия жүйесінің жұмыс параметрлерін ұстап тұрудың мүмкін еместігі салдарынан Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оқшауланған жұмысқа шығуына жол бермеу мақсатында электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын іске қосуды қамтамасыз ету талап етіледі.

Өзгелердің жаңалығы