Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Энергетика министрлігі: Қазақстанда АИ-95 тапшылығы болмайды

15 Тамыз 2025, 01:29
668
Бөлісу:
 Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Энергетика министрлігі елімізді АИ-95 маркалы бензинмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстап отыр. Қазіргі уақытта маусымдық сұраныс артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Ерлан Ақкенженов "ҚазМұнайГаз" басшылығымен, ірі жанармай құю станциялары мен мұнай өнімдерін жеткізушілермен кеңес өткізді.

Ведомство дерегінше, ел бойынша АИ-95 қоры – 67 мың тонна, бұл 16 күндік тұтынуға жетеді. Қор отандық мұнай өңдеу зауыттарының күнделікті өндірісі арқылы толықтырылып отырады.

Шілде айында бензин тұтыну көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға өскен. Тамызда да сұраныстың жоғары болуы күтіледі.

Сұраныстың маусымдық артуы – қалыпты жағдай. Үкімет бұл процесті толық бақылауда ұстап отыр. Бензин тапшылығы болмайды. Барлық қатысушылар отын жеткізуді үздіксіз қамтамасыз етуі және алыпсатарлыққа жол бермеуі тиіс, – деді министр.

Кеңес қорытындысы бойынша мұнай базалары мен ЖҚС-тарда ең төменгі қорды сақтау, өңірлерге уақтылы жеткізу және ықтимал тәуекелдер туралы министрлікке жедел хабарлау тапсырылды.

Министрлік бензин нарығын күнделікті бақылап, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы