Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Е-аукцион онлайн сервисі өткен жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды. Сонымен бірге, өткен жылдың 23 желтоқсанында барлау және өндіру құқығын беру бойынша алғашқы онлайн аукцион өткізілді.
Жанат Жахметованың айтуынша, аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексінде реттеледі, учаскелердегі кез келген технологиялық процестер ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралады. Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды. Жобалау құжатын әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.
Жоба қосылған сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін жалпы екі аукцион өткізілді, соңғысы осы жылдың 23 сәуірінде сегіз учаскелер бойынша жүргізілді.
Екінші аукцион туралы толығырақ айтып берейін. 23 сәуірде өткен екінші электрондық аукционға бастапқы қол қою бонусы 713 млн теңге болатын сегіз мұнай-газ учаскесі қойылды, ал қол қою бонусының жиынтық сомасы бастапқы қол қою бонустан 13 есе асып, 9,3 млрд теңгені құрады. Көмірсутектерді барлау және өндіру үшін мемлекет ұсынатын 8 учаскенің жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асады, - деді ол.
Оның айтуынша, аукциондық залдың онлайн-көрсетілімі ұйымдастырылды, бұл оның Қазақстаннан да, шетелден де өтуін бақылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар цифрлық форматта өткізілген аукциондардың тарихы сақталуда.
Екі аукционды өткізу қорытындысы бойынша министрлік аукциондарды өткізу процесін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірледі.
Қазіргі уақытта заңнамаға бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында бастапқы қол қою бонусы мөлшеріндегі кепілдік жарна, екінші қатысушыға сатып алу құқығын беру, жылына екі рет өткізуге шектеуді алып тастау сынды мәселелер бар. Бұл бізге бәсекелестікті және аукциондар өткізу жиілігін арттыруға мүмкіндік береді, -деді ол.