«Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының мамандары Қазақстанда ірі буындарды бастапқы эндопротездеу мәселелері және тірек-қимыл аппаратының басқа да аурулары бойынша пациенттерге бейнеконсультация жүргізе бастады» деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эндопротездеу - тірек-қимыл аппараты ауруларын операциялық емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі, оның барысында буынды құрайтын патологиялық өзгерген құрылымдар сау буынның анатомиялық пішініне ие және қозғалыстың барлық көлемін орындауға мүмкіндік беретін жасанды протездерге (импланттарға) ауыстырылады.
Буындарды ауыстыру - МӘМС жүйесінің қаражаты есебінен қазақстандық азаматтар үшін қолжетімді, қымбат тұратын операциялардың бірі. Қазақстан азаматтары еліміздің кез келген жерінен бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдары (емханалар) арқылы ірі буындарды ауыстыру үшін кезекке тұра алады.
Карантин бізді жаңа көзқараста өмір сүруге үйретті - қашықтан жұмыс істеуге және онлайн режимінде медициналық кеңес беруге бейімделдік. Енді көбінесе қозғалыс кезінде ауырсынудан қиналатын біздің көптеген пациенттеріміз үшін өз ауданынан Астанаға келу мәселесі шешілді. Пациент біздің мамандардан консультацияны, қорытындыны бірден электронды түрде алады, өтініш беру себебін көрсете отырып, порталда тіркеледі және емдеуге жатқызу күнін күтеді, - деп мәлімдеді бұл жаңалық туралы эндопротездеу мәселелері жөніндегі бөлімше меңгерушісі Тимур Байдалин.
Еліміздің бас травматолог-ортопедтерімен байланысу бейнесеансы WhatsApp қосымшасы арқылы өтеді. Академик Н. Ж. Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ғылыми орталығының мамандарына тіпті ТМД-ның басқа елдерінен де бірден бірнеше буыны, тізе және ұршық буындары бұзылған, бірнеше жылдар бойы төсек тартып жатқан, әртүрлі ауыр патологиялары бар адамдарды алып келеді. Орталық дәрігерлері кезең-кезеңімен үш-төрт операция жасап, содан кейін науқас бірте-бірте аяққа тұрып, жүріп кеткен мысалдар жеткілікті.
Эндопротездеуден басқа, дәрігерлер омыртқа бағанының деформациясы, спорт жарақаты, артроскопия, қол ұшы жарақаты, кеуде қуысының деформациясы, аяқ пен аяқ басының деформациясы, сынықтар және олардың салдары, дұрыс бітіспеген сынықтар, жалған буындар және тірек-қимыл аппаратының басқа аурулары бар пациенттерге кеңес береді.