Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала 1,5 жасқа толғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ай сайынғы төлем қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбекминінің мәліметінше, төлем бала туған сәттен бастап тағайындалады және соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Дегенмен, белгілі бір шектеулер бар:
- ең төменгі төлем мөлшері бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақыдан аз болмайды;
- ең жоғарысы ең төменгі жалақының жеті еселенген көлемінің 40%-ынан аспайды.
Егер отбасыда егіз немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Өтініш берудің бірнеше жолы бар: eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, SMS арқылы проактивті форматта немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы. Маңыздысы – өтінішті бала туған күннен бастап 18 айдан кешіктірмей беру қажет.
Азаматтар өздері үшін аударылған әлеуметтік төлемдерді eGov порталынан, банктердің қосымшаларынан немесе ХҚКО арқылы тексере алады. Толық ақпаратты Қордың ресми сайтынан және әлеуметтік желілерінен алуға болады.
Бұған дейін Үкімет басшысы күмәнді әрі тиімсіз жәрдемақыларды алып тастау керек деп мәлімдеген еді.